Түркістан — тарихи мәртебесімен қатар, инновациялық даму жолына бет бұрған заманауи қала
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан қаласында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, қолайлы және заманауи инфрақұрылым қалыптастыру бағытындағы жұмыстар күн санап жанданып келеді.

Мемлекет басшысының өңірлерді дамыту жөніндегі тапсырмалары мен ұлттық жобалар негізінде қолға алынған әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың құрылысы бүгінде жүйелі жүргізілуде. Бұл бағытта Түркістан қаласы әкімдігі тарапынан ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының бастамасымен жүргізіліп жатқан нысандардың сапалы әрі уақтылы аяқталуын қамтамасыз ету мақсатында жауапты сала басшылары мен мердігерлерге нақты тапсырмалар жүктелген. Жуырда қала басшысы әлеуметтік маңызы бар бірқатар нысандарды аралап, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.

Атап айтқанда, Мұқағали Мақатаев көшесінде бой көтеріп жатқан жаңа спорт кешенінің жалпы алаңы — 826 шаршы метрді, ал жер телімі — 0,186 гектарды құрайды. Қазіргі таңда бұл нысанда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Кешен заманауи спорттық жабдықтармен қамтамасыз етіліп, дене шынықтыру және бұқаралық спортты дамытуға серпін беретін болады. Бұл — салауатты өмір салтын насихаттау мен спорт инфрақұрылымын жетілдірудегі маңызды қадам.
Сондай-ақ, әкім 500 орынға арналған көрермен залы бар көпфункционалды мәдениет үйінің құрылыс барысын бақылады. Ғимарат қазіргі заман талабына сай бой көтеріп, заманауи технологиялық шешімдермен жабдықталмақ. Қазіргі уақытта ішкі әрлеу, инженерлік-коммуникациялық жүйелерді жүргізу және акустикалық жабдықтарды орнату жұмыстары жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстарының 90 пайызы аяқталған.

Айта кетерлік жайт, бұл мәдениет үйі цифрлық трансформацияны ескере отырып жобаланған. Мұнда электронды кітапхана, дыбыс жазу студиясы, онлайн шығармашылық сабақтар өткізуге мүмкіндік беретін студиялар және коворкинг орталықтары болады. Жаңа нысан тек мәдени іс-шаралар өткізетін орын ғана емес, инновациялық мәдени кеңістік ретінде де қызмет атқарады. Аталған инфрақұрылым мәдениет пен өнер саласын цифрландыруға және жаңа буынның шығармашылық әлеуетін ашуға ықпал етеді.
Қала басшысы құрылыс сапасын, техникалық талаптар мен қауіпсіздік нормаларын қатаң сақтауды мердігерлерге ескертті. Сонымен қатар, құрылысқа отандық және энергия үнемдейтін инновациялық материалдарды қолдану қажеттігіне тоқталды. Қазіргі уақытта нысандарда «ақылды жүйелер» енгізілуде. Бұл — жарықтандыруды автоматты басқару, бейнебақылау, жылыту және желдету жүйелерін цифрлық негізде қашықтан бақылауға мүмкіндік береді. Мұндай шешімдер қаланың интеллектуалдық инфрақұрылымын дамытудың негізін қалыптастырады.
Жаңа нысандарда «Smart City» концепциясы элементтері кезең-кезеңімен енгізілуде. Атап айтқанда, жаңадан салынған нысандарға бейімделген интеллектуалды инфрақұрылым жобалары бойынша бейнебақылау, өрт қауіпсіздігі, дыбыстық хабарлама жүйесі, Wi-Fi желісі және QR-код арқылы ақпараттық қызметтер көрсетілетін болады.

Жалпы, Түркістан қаласында жүзеге асырылып жатқан бұл құрылыс жұмыстары — қала тұрғындарының әл-ауқатын арттырумен қатар, цифрландыру және инновациялық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы нақты қадамдар. Мұндай кешенді жобалар тек сәулеттік бейнесін ғана емес, қаланың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін де арттыруға ықпал етеді.
Қазіргі таңда Түркістан қаласында әлеуметтік, білім беру, спорт және мәдениет салалары бойынша бірнеше нысанның құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Олардың барлығы тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, жастардың шығармашылық әлеуетін ашуға және цифрлық қоғамға бейімделген жаңа мүмкіндіктер ұсынуға бағытталған.
Түркістан — тарихи мәртебесімен қатар, инновациялық даму жолына бет бұрған заманауи қала. Инфрақұрылымдық жобалар мен цифрлық технологиялардың үйлесімді түрде дамуының арқасында шаһар келешекте Орталық Азиядағы интеллектуалды урбанистика үлгісіне айналуға әлеуетті.