Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Түркістан туристер санын көбейту үшін Өзбекстанмен бірлескен турпакеттер әзірледі

АСТАНА. KAZINFORM — Түркістан облысы Өзбекстанмен туризм және инвестиция саласындағы ынтымақтастықты күшейтіп жатыр, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі
Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

Түркістан облысы туризм, етті мал шаруашылығы және балық шаруашылығы салаларында Өзбекстанның бірқатар облысымен өңіраралық өзара іс-қимылды кеңейтіп жатыр. 

Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазақстан мен Өзбекстан өңірлері басшылары кеңесінің бірінші отырысында мәлімдеді.

— Қазақстан мен Өзбекстан өңірлері басшылары кеңесінің бірінші отырысы аясында біз екі елдің өңірлері арасындағы қарым-қатынасты нығайттық. Қазіргі таңда Түркістан облысы Ташкент облысымен белсенді ынтымақтастық орнатып келеді. Сонымен қатар біз туризмді дамыту мақсатында Самарқанд облысымен, Бұхара және Хиуа аймақтарымен келісімдер жасадық және байланыс орнаттық. Түркістан қаласындағы туристік компаниялар мен қонақүйлердің өкілдерімен бірге Хиуа, Бұхара және Самарқанд қалаларына іссапармен барып қайттық. Екіжақты туристік пакеттер әзірленді. Қазір туристер ағынын арттыру бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Өткен жылдың өзінде өңірімізге 1,5 млн турист келді, — деді Түркістан облысының әкімі. 

Сонымен қатар екіжақты келісімдер аясында Өзбекстанның «Meat Magnet» компаниясы өңірде ет өндірісі жобасын жүзеге асыруда. Сондай-ақ Өзбекстаннан тартылған инвесторлар балық шаруашылығын дамытуға және демалыс аймақтарын құру жобаларына қатысып жатыр.

Бұған дейін Түркістан облысында 172 млрд теңгелік тау шаңғысы кластері салынуы мүмкін екенін жазғанбыз.