Түркістанда археология ескерткіштері резерватын құру және ұстау тәртібі бекітілді

АСТАНА. KAZINFORM — Түркістан қаласында археология ескерткіштерін сақтау және олардың түпнұсқалық келбетін қорғау мақсатында резерват құру мен оны ұстаудың жаңа қағидалары әзірленді. 

Түркістанда тігілген алып сәукеле Қазақстанның рекордтар кітабына енді
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Құжат «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңға сәйкес қабылданып, тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғаудың бірыңғай тәртібін айқындайды. 

Атап айтқанда, жаңа қағидаларда археология ескерткіштері — көне қоныстар, қалашықтар, құрылыстардың қалдықтары, қорымдар, обалар, петроглифтер, тас мүсіндер және адамзаттың көне мәдениетіне қатысты өзге де нысандар деп көрсетілген. Сондай-ақ ескерткіштерді пайдаланушының құқықтық мәртебесі мен жеке археологиялық нысандардың анықтамасы нақтыланған.

Сонымен қатар құжатқа сәйкес, археология ескерткіштері резерваты — Түркістан қаласының тарихи-мәдени мұрасының ең осал бөлігін сақтауға бағытталған арнайы қорғалатын аумақ ретінде айқындалды. Резерватты құру туралы шешімді жергілікті атқарушы орган қабылдайды.

— Резерватқа енгізілуі үшін ескерткіш республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінде болуы тиіс. Ал ескерткіш толық жойылған жағдайда, оны резерват құрамынан шығару сол органның шешімімен жүзеге асырылады, — делінген құжатта.

Қағидада резерват аумағында жүргізілетін жұмыстарға қойылатын талаптар да нақты белгіленген.

— Ескерткіштердің материалдарына, тарихи келбетіне немесе табиғи ландшафтқа зиян келтіретін кез келген әрекеттерге тыйым салынады. Пайдаланушы резерваттың жай-күйін тұрақты бақылап, профилактикалық күтім жүргізуге міндетті, — деп айқындалған құжатта.

Оған қоса, Түркістан қаласының жергілікті атқарушы органы тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау, есепке алу, сақтау, зерттеу және мониторинг жүргізу жұмыстарын қамтамасыз ететін болады. Ал археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстар тек уәкілетті органның келісімімен атқарылады.

Құжаттың қабылдануы Түркістан қаласының бай тарихи мұрасын қорғау және оны келешек ұрпаққа жеткізуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі ретінде бағаланып отыр.

Айта кетейік, Түркістан облысындағы археологиялық ескерткіштер мақта алқабының астында бүлініп жатыр.

Бұған дейін Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының базасында Ұлттық археологиялық қызмет құрылатынын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар