Түркістанда екі күн ішінде көші-қон заңын бұзған 118 шетелдік елден шығарылды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында рейдтік іс-шара кезінде  көші-қон заңын бұзудың 300-ден аса дерегі тіркелді. 

Түркістанда екі күн ішінде көші-қон заңын бұзған 118 шетелдік елден шығарылды
Фото: Түркістан облысы полиция департаменті

Түркістан облысында көші-қон саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және оларды анықтау мақсатында рейдтік-профилактикалық іс-шара өтіп жатыр.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, екі тәулік ішінде өңірде көші-қон заңын бұзудың 344 дерегі анықталды.

— Оның ішінде 242 құқық бұзушылық шетел азаматтарына қатысты болды. Аталған тұлғаларға әкімшілік хаттамалар толтырылып, материалдар сотқа жолданды. Сот шешімімен 118 құқық бұзушы ел аумағынан шығарылды, — делінген ресми хабарламада.

Сондай-ақ шетел азаматтарының Қазақстанда болу тәртібін қамтамасыз етпеген 71 қабылдаушы тарап жауапқа тартылды. Бұдан бөлек, шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқан 31 Қазақстан азаматына қатысты тиісті шаралар қолданылды.

— Мәселен, Келес ауданында көші-қон қызметінің инспекторлары мен учаскелік полиция қызметкерлері бірлесіп жүргізген тексеру барысында рұқсат құжаттарынсыз құрылыс жұмыстарын атқарып жүрген 17 шетел азаматынан құралған жұмыс тобы анықталды. Қазіргі таңда аталған факті бойынша материалдар жинақталып, сотқа жіберілді. Сондай-ақ, оларды жұмысқа тартқан қабылдаушы тарап анықталып жатыр, — деп мәлімдеді ведомство.

Іс-шара барысында полиция қызметкерлері шетел азаматтары мен жұмыс берушілер арасында көші-қон заңнамасын сақтау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын да жүргізді.

Бұдан бұрын Алматыда көші-қон заңын бұзған 35 шетелдік елден шығарылғанын жазған едік.