Түркістанда екі құрылыс компанияcы тұрғын үйлерді заңсыз жарнамалаған

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысында тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнама талаптарын бұзған құрылыс компаниялары белгілі болды.

баспана
Коллаж: Kazinform / Freepik

Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының мәліметінше, мониторинг барысында биыл Түркістан қаласында тиісті рұқсатсыз, яғни тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуға кепілдік беру туралы шартсыз азаматтарға жарнама жасаған екі құрылыс компаниясы анықталған.

– Аталған компаниялар қолданыстағы заң талаптарын бұза отырып, құрылысы аяқталмаған көппәтерлі тұрғын үйлерді сату мақсатында әлеуметтік желілерде жарнама таратқан. Осыған байланысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске сәйкес «SK TRANSSTROY» және «KERUEN CITY» ЖШС-ларының әрқайсысына 1 081 250 теңге көлемінде айыппұл салынды, – деді басқарма басшысының міндетін атқарушы Тарту Байтұрсынов.

Спикердің айтуынша, құрылысы аяқталмаған тұрғын үйлерге жарнама жасауға қатысты белгілі талаптар бар.

– «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңға сәйкес, құрылыс салушы тұрғын үй жобасын тек кепілдік беру қорының кепілдігі болған жағдайда немесе жергілікті атқарушы органның рұқсатымен ғана жарнамалай алады. Бұл талаптар сақталмаса, жарнама заңсыз деп танылады, – деді ол.

Айта кетейік, өткен жылы өңірде заңсыз жарнамаға байланысты үш компания анықталған. Атап айтқанда «Prime BUILDER», «TAU CONSTRUCTION LLP» және «ALI CONSTRUCTION GROUP» серіктестіктерінің әрқайсысына 589 800 теңге көлемінде айыппұл салынған. Олардың барлығы облыс орталығында құрылыс жүргізген.

Бұдан бұрын Түркістан облысында 113 мыңнан аса азамат тұрғын үй кезегінде тұрғанын жазған едік.