Түркістанда ерекше қажеттілігі бар азаматтар Құрылтай сайлауында қалай дауыс береді
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Құрылтай сайлауына дайындық аясында өңірдегі 952 сайлау учаскесі қажетті материалдық-техникалық құралдармен жабдықталып, ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін қолжетімді етілді.
Сайлау заңнамасына сәйкес, денсаулығына немесе өзге де дәлелді себептерге байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын азаматтар үйде дауыс бере алады. Ол үшін сайлаушы дауыс беру күніне дейін өзі тіркелген учаскелік сайлау комиссиясына өтініш беруі қажет. Осыдан кейін комиссия мүшелері арнайы тасымалданатын сайлау жәшігімен азаматтың тұрғылықты жеріне барып, дауыс беру рәсімін ұйымдастырады.
Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, өңірде ерекше қажеттілігі бар 14 873 сайлаушы тіркелген. Оның ішінде 3 365 азамат кресло-арба қолданады, 7 643 азаматтың көру, ал 3 865 азаматтың есту қабілеті бойынша мүгедектігі бар.
— Сайлау күні аталған азаматтарға қолайлы жағдай жасау үшін өңірде 65 инватакси және 49 әлеуметтік такси қызмет көрсетеді. Барлық 952 сайлау учаскесі ерекше қажеттілігі бар азаматтардың қолжетімділігі ескерілген нысандар мен қызметтердің картасына енгізілген. Сондай-ақ тірек-қимыл аппараты бұзылған азаматтарға арналған арнайы кабиналар мен жеке бұрыштарды ұйымдастыру жұмыстары аяқталған, — деп хабарлады облыстық аумақтық сайлау комиссиясы.
Денсаулығына немесе дәлелді себептерге байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын азаматтар заңда белгіленген тәртіппен учаскеден тыс дауыс беру құқығын пайдалана алады.
Бұған дейін Құрылтай сайлауы алдында жалған аккаунттар мен фейк ақпарат көбейгені туралы хабарлаған едік.