Түркістанда көпбалалы аналарға берілген үйдің төбесінен су ағып жатыр
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан қаласында бір ай бұрын пайдалануға берілген көпқабатты тұрғын үйдің сапасына тұрғындар шағымданды. Олардың айтуынша, баспана тапсырылғанына көп уақыт өтпей-ақ пәтерлердің төбесінен су ағып, қабырғалары жарылған.
Бесқабатты тұрғын үй Жібек жолы саябағы маңындағы 26-көшеде орналасқан. Аталған үй биыл Мемлекеттік рәміздер күні пайдалануға берілген. Пәтерлер тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы аналар мен әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға табысталған.
Тұрғындардың айтуынша, бірнеше пәтердің төбесінен су өтіп, сылақтары түсіп, тұсқағаздары қабырғадан ажырай бастаған. Еденге төселген линолеум бүлініп, әжетхана мен жуыну бөлмелерінде де ақаулар анықталған.
Көпбалалы ана Гүлдана Мусинованың айтуынша, ол үш бөлмелі пәтерді алу үшін бірнеше жыл кезекте тұрған. Алайда жаңа қонысқа көшу қуанышы ұзаққа созылмаған.
— Пәтер кілтін алған күні үйге кіріп көргенімізде ақаулар болды. Оны мердігерлерге бірден айттық. Олар бір-екі апта ішінде жөндеп береміз дегенімен, содан бері ешқандай жұмыс жүргізілген жоқ. Әкімдікке бірнеше рет арыздандым, бірақ нақты нәтиже жоқ. Қазір пәтерге көшіп келе алмай отырмыз, — деді ол.
Тұрғындардың сөзінше, кейбірі пәтерлерінде түнеуге қорқып, туыстарының үйін паналап жүр.
— Қазір күннің ыстығына қарамастан, төбеден су әлі де тамшылап тұр. Оның қайдан шығып жатқанын ешкім нақты айта алмай отыр. Терезелер сапасыз орнатылған, есік жақтауларында да кемшілік бар. Асүйдің төбесінен су ағады. Газ құбыры маңынан да су шыққандықтан, балаларымыздың қауіпсіздігіне алаңдаймыз, — дейді тұрғындар.
Ал Түркістан қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Дәурен Мәуленов тұрғын үйге қатысты тексеру жүргізілгенін айтты. Оның айтуынша, мердігер мекемеге екі рет ресми хат жолданып, ескерту берілген. Алайда кемшіліктер жойылмаған соң үшінші рет сотқа талап арыз жолданған.
— Қазіргі таңда қажетті құрылыс материалдары алынды, енді жөндеу жұмыстары басталады. Алдымен пәтерлердің ішкі бөлігіндегі ақаулар, кейін шатырдағы кемшіліктер жөнделеді. Әлі қоныстанбаған тұрғындардың пәтерлері де толық тексеріліп, барлық анықталған олқылық қалпына келтіріледі, — деді ол.
Бұған дейін Түркістанда жөндеуден өткен көпқабатты үйдің қабырғалары қайта жарылып жатқаны туралы жазған едік.