Түркістанда нөсерден кейін су жиналған аумақтарды тазарту қалай жүріп жатыр
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан қаласында кейінгі күндері жауған толассыз жауын жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілеріне қиындықтар тудырды.
Қала әкімдігінің хабарлауынша, қатты нөсерден кейін магистралды құбырларда кедергілер пайда болған және сол учаскелерде мердігерлердің есебінен қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған.
– Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының тапсырмасына сәйкес, кәріз жүйесі жүргізілген көшелердегі кемшіліктер ретке келтіріліп жатыр. Жалпы қала бойынша 41 техника және 100-ге жуық сала мамандары жұмылдырылған. Анықталған аймақтар қала әкімдігінің қатаң бақылауына алынды, - делінген хабарламада.


«Түркістан Су» мекемесі директорының орынбасары Сейілбек Дайрабайдың айтуынша, Наурыз көшесінде, 1-шағынауданда және басқа секторларда қаладағы коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Бұдан бұрын Түркістан облысында өзен тасып, 29 адам эвакуацияланғанын жазған едік.