Түркістанда Өзбекстанмен бірлесіп ашылған кооперация 185 млрд теңге инвестиция тартады
АСТАНА. KAZINFORM — Өзбекстанмен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде Түркістан облысында 100 гектар аумақта «Орталық Азия халықаралық кооперация орталығы» құрылды. Жаңа орталық жұмысы туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров айтып берді.
Президент өз Жолдауында Орталық Азия елдерімен экономикалық байланысты күшейтуді тапсырған болатын.
— Жаңа нысан заманауи қоймалар және өндірістік нысандармен интеграцияланған логистикалық орталық қызметін атқарады. Орталықта 7 инвестор жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып отыр. Нәтижесінде өңір экономикасына 185 млрд теңге инвестиция тартылып, 1 175 жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр. Бюджетке 355 млн теңге қосымша салық түседі, — деді Н. Көшеров елордада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Қазіргі уақытта 8 өндірістік ғимараттар салынып, ішкі инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл ғимараттар келер жылы іске қосылады.
Жалпы өнеркәсіп саласында биыл 107 млрд теңгеге 22 жоба іске асырылып, 2 443 жұмыс орны ашылған. Оның ішінде Созақ ауданында табиғи уран өңдеу кешені, Отырар ауданында — 2 мақта өңдеу зауыты, Түлкібас ауданында — сусын шығаратын зауыт, Сайрам ауданында — заманауи ет комбинаты және Ордабасы ауданында — алюминий бұйымдарын шығаратын зауыт бар.

Бұған дейін Түркістан облысының әкімі импортты алмастыратын 20 жоба іске асырылып жатқанын айтқан еді.