Түркістанда үш күнде жолды кесіп өткен 100-ден астам адам жауапқа тартылды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістанда жаяу жүргіншілерге бақылау күшейтілді.

Кнопка пешеходного перехода Жаяу жүргіншілер жолы түймесі
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Түркістан қаласында жаяу жүргіншілеріне қатысты жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында рейдтік іс-шара өтті.

– Рейд барысында полицейлер жаяу жүргіншілер жиі жүретін көшелер мен жол өткелдерінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жол қозғалысы ережелерін сақтау бойынша профилактикалық шаралар ұйымдастырды. Нәтижесінде белгіленбеген орындардан жолды кесіп өткен 100-ден астам азаматқа әкімшілік шара қолданылды, – деп хабарлады облыстық полиция департаменті.

Түркістан қаласы әкімдігі ақпараттық қауіпсіздік бөлімшесінің мәліметінше, өткен жылы қала аумағында 410 бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның ішінде 200 камера жаңғыртудан өткізілген.

Орнатылған камералардың 40-ы заманауи аналитикалық мүмкіндіктермен жабдықталған. Бұл аналитикалық камералар бет-әлпетті тану (Face ID), мемлекеттік тіркеу нөмір белгілерін анықтау, сондай-ақ күдікті әрекеттерді автоматты түрде тіркеу функцияларын атқарады.

– Бейнекамаралар қаланың орталық көшелерінде, әлеуметтік нысандар маңында, адам көп шоғырланатын аумақтар мен жол қиылыстарында орнатылған. Бейнежазбалар жедел басқару орталығына онлайн режимде жеткізіліп, құқық қорғау органдарына құқық бұзушылықтардың алдын алуға, жедел әрекет етуге және тергеу жұмыстарын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді, – делінген ақпаратта.

Бұдан бұрын Түркістанда қоғамдық орындарды ластағандарға 210 млн теңгеге жуық айыппұл салынғанын жазған едік.