Түркістанда Ясауидің «Диуани хикмет» кітабының көне қолжазбасы табылды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Қазіргі таңда бұл хикмет жинақтың еліміздегі ең көне қолжазбасы болып тұр. Құнды жәдігер Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музейіне тапсырылды. 

Түркістанда Ясауидің «Диуани хикмет» кітабының көне қолжазбасы табылды
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Екі ғасыр бұрын жазылған Қожа Ахмет Ясауидің хикмет топтамасы Түркістан облысы Сауран өңірінен табылған. Ғалымдардың айтуынша, қолжазба 1834 жылы жазылған. 

Бұл жайында «Ясауитану» ғылыми орталығының басшысы Сайпулла Моллақанағатұлы баспасөз мәслихатында мәлім етті.

– Бұл – тек табылған жәдігер емес, Ясауи мұрасының жаңа парағы. Аталған қолжазбаға саурандық Еркін Сапаровтың бастамасымен қол жеткіздік. Бірнеше көне кітаптар Еркін ақсақалдың туысы Алимжан Рамазанұлының шаңырағында бабалардан мұра болып сақталып келген. Нәтижесінде жалпы саны 17 қолжазба мен сирек кітаптар алдық. Солардың ішінде бір қолжазбаның Қожа Ахмет Ясауидің хикметтер жинағы екені анықталып отыр. Кітаптың қағазы қалың әрі мұқабасында таңбасы бар. Қолжазба араб-парсы тілдерінде шағатай дәстүріне сай жазылған. 120 хикметтен тұратын қолжазбаның 39-ы бұрын-соңды кездеспеген. Ғылыми ортада бұрын белгісіз болып келген кейбір хикметтер мен мәтіндік нұсқалар осы қолжазба арқылы қайта анықталды, - деді ол. 

«Ясауитану» ғылыми орталығы биыл Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының базасында құрылған.

Бүгінде орталықта Қожа Ахмет Ясауи зерттеулеріне байланысты 25 кітап, 30 Диуани хикмет және тағы басқа ғылыми дүниелер бар. 

Бұдан бұрын Кенесары ханнан жеткен Құран Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне тапсырылғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар