Түркістанда «Заң мен тәртіп» тақырыбында жастармен кездесу өтті

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Түркістан облыстық Әділет департаменті мен Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп» тақырыбында жастармен ашық диалог өтті.

Заң мен тәртіп
Фото: Түркістан облысының Жастар орталығы

Іс-шараның басты мақсаты-жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіру, заңға бағыну мәдениетін қалыптастыру және құқықтық мәселелер бойынша кәсіби кеңес беру. Келелі кездесуді Жастар ресурстық орталығы КММ-нің маманы Ақтөре Қайрат жүргізіп отырды.

Жиынға қатысқан сала мамандары құқықтық сауаттылық тақырыбында орамды ойларын айтып, ұсыныстарын жеткізді.

заң мен тәртіп
Фото: Түркістан облысының Жастар орталығы

Атап айтар болсақ, Түркістан облысын Әділет департаментінің құқықтық түсіндіру жұмысы және заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Нұрлан Ербекешов құқықтық сауаттылықты арттырудың пайдасын түсіндірді.

- Құқықтық сауаттылық – жастардың өз болашағын дұрыс құруының негізі. Әрбір азамат өз құқығын біліп қана қоймай, оны дұрыс пайдалана білуі тиіс. Бүгінгі кездесу сіздерге құқықтық білім алуға жаңа мүмкіндіктер ашады, - деді ол.

Тәжірибелі адвокат Салтанат Көпжасарова заңды білу, бүгінгі қоғамның басты талабы екендігін айтты.

- Әр адам өз құқығы үшін күресуге қорықпауы керек. Заң – сіздердің ең сенімді қорғаушыларыңыз, сондықтан әрдайым заңгерлік көмекке жүгіну қажет. Өздеріңіз де заңды оқып, жете түсіне біліңіздер. Заң- әр адамның қорғаны,-деді Салтанат Көпжасарова.

Ал, адвокат Полат Жандарбеков әр адам өз құқығын қорғауда сенімді әрі батыл қадам жасауы керектігін жеткізсе, жеке сот орындаушы Ғалымжан Егембердиев заңға сәйкес әрекет жасау, жетіктікке жетелейтіндігін айтты.

Кездесу соңында жастар мен спикерлер арасында еркін форматта сұрақ-жауап болды. Қатысушылар өздерін толғандыратын мәселелер бойынша сұрақ қойса, арнайы мамандардар қойылған сауалдарға кең көлемде жауап берді. Іс-шара жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға және заңға бағыну мәдениетін нығайтуға бағытталған жемісті қадам болды.

Соңғы жаңалықтар