Түркістанда жол құрылысы материалдарының 50-ден астам сынамасы талапқа сай болмады

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Биыл Түркістан қаласында 100-ден астам көшені жөндеу жоспарланған. Жыл басынан бері «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мамандары 49 көшеде 113 сараптама жүргізді.

Түркістанда жол құрылысы материалдарының 50-ден астам сынамасы талапқа сай болмады
Фото: «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК

Инженерлер жол құрылысында пайдаланылатын топырақ, қиыршық тас, құм, цемент, битум, асфальтбетон қоспасы мен асфальтбетоннан 95 сынама іріктеп алды. Оның 19-ы нормативтік талаптарға сәйкес келсе, 57-сінің белгіленген талаптарға сай еместігі анықталды.

Түркістан
Фото: «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Түркістан облысы филиалының директоры Жандос Игембаевтың айтуынша, қала көшелерінен алынған сынамалардан тығыздық коэффициенті мен асфальтбетон үлгілерінің суға қанығу көрсеткіші бойынша сәйкессіздіктер анықталған.

Түркістан
Фото: «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК

— Анықталған кемшіліктер бойынша мердігерлерге нұсқама берілді. Қазір олар өз қаражаты есебінен ақауларды жойып, құрылыс материалдарын нормативтік талаптарға сәйкестендіріп жатыр, — деді Жандос Игембаев.

жол
Фото: «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК

Қазір Түркістандағы Жангелдин, Майлин, Қалаби және басқа да көшелерді қайта жаңарту жұмыстарының сапасы бақылауға алынған. Сонымен қатар қаланы айналып өтетін ұзындығы 30 шақырым автомобиль жолын салу жобасын іске асыру жоспарланған.

Бұған дейін Түркістан облысында 119,4 млн теңгеге асфальт жабыны қайта төселгенін хабарлаған едік.