Түркістанда жол сапасына салғырт қараған мердігерлер мекемелерге айыппұл салынды
АСТАНА. KAZINFORM — Түркістан облысында жол сапасына қатысты талаптарды уақытында орындамаған мердігер мекемелер жауапқа тартылды.
«Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» РМК Түркістан облыстық филиалының бөлім басшысы Қайрат Шәкіровтың айтуынша, жыл басынан бері орталық мамандары 272 нысандарға 761 рет тексеріп барып, 405 ақау анықтаған. Мердігерлер мен тапсырыс берушіге кемшіліктерді түзету туралы нұсқау берген. Соның 146-сы ғана ескертуден нәтиже шығарып, талаптарды орындаған.
Сондай-ақ мамандар жаңадан төселген асфальт жолдардан 2 260 сынама алынған. Оның ішінде 604 сынама нормативтік талаптарға сәйкес келмеген. Нұсқама берілген соң 223 сынама бойынша кемшіліктер түзетілген. Қалған олқылықтар бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.
— Өз жұмыстарына немқұрайды қараған мекемелерді тезге салу үшін Ұлттық сапа орталығы Түркістан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасына 22 рет хат жолдаған. Соның ішінде 6 техникалық қадағалаушыға және 4 мердігер мекемесіне жалпы көлемі 11,4 млн. теңгеге айыппұл салынды. Сонымен қатар 3 техникалық қадағалаушылардың аттестаты 6 айға тоқтатылды, - деді Қайрат Шәкіров.
Айта кетейік, жақын уақытта Алматыда жүргізушілерге «вафельді» жол таңба ережесін бұзғаны үшін айыппұл салына бастайды.