Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Түркістанда жүргізуші куәлігінсіз көлік тізгіндеп, қауіпті маневр жасағандар жазаланды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған той кортежінің жүргізушілері жауапқа тартылды.

полиция полицейская машина полиция көлігі
Фото: Максат Шагырбаев/ Kazinform

Әлеуметтік желіде Ордабасы ауданында көшенің қақ ортасында отшашу атып, жол қозғалысына қауіп төндірген той кортежінің видеосы тарады.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, бейнебақылау камералары арқылы Ордабасы ауданының Темірлан ауылындағы орталық көшелердің бірінде үйлену тойының кортежіне қатысқан көлік жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін бұзғаны белгілі болды.

Тексеру барысында Mercedes-Benz, BMW, LADA және ВАЗ автокөліктерін тізгіндеген жүргізушілердің жеке басы анықталды.

— Оларға жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарғаны, қос тұтас жолақ сызығын кесіп өткені, арнайы жарық белгілерін заңсыз орнатқаны, сондай-ақ жол қозғалысының басқа қатысушыларына қауіп төндіретін маневрлер жасағаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды, — делінген полиция хабарламасында.

Тәртіп бұзған жүргізушілердің автокөліктері айып тұрағына қойылды.

Полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, өзге жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін әрекеттерге жол бермеуге шақырды.

Бұған дейін Түркістанда жол ережесін бұзған 100-ге жуық электрлі көлік айып тұрағына қойылғанын хабарлаған едік