Түркістандағы Батыс Еуропа — Батыс Қытай автомагистраліне балама жол құрылысы неге кешеуілдеп жатыр
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан арқылы өтетін Батыс Еуропа — Батыс Қытай халықаралық автодәлізінде көлік қозғалысы жыл сайын артып келеді. Қазіргі таңда қала орталығы арқылы тәулігіне шамамен 8 мыңға жуық жүк көлігі қатынайды.
Бұл жағдай көлік кептелісін күшейтіп қана қоймай, жолдың тез тозуына да әсер етіп отыр. Сонымен қатар ауыр жүк көліктерінің қала ішін кесіп өтуі тұрғындар мен жүргізушілерге қолайсыздық туғызады. Осы мәселені шешу мақсатында Түркістанның шығыс бөлігінде ұзындығы 30 шақырым болатын айналма жол салу жоспарланған.
Бұған дейін облыс әкімдігі жобаны «China Railway Asia-Europe Construction Investment Co., Ltd.» компаниясы жүзеге асыратынын хабарлаған болатын. Аталған компания Астанадағы LRT жобасына қатысқан. Құрылыс жұмыстарын 1,5 жыл ішінде аяқтау көзделген. Ал жобаны іске асыруды 2025 жылдың қыркүйек айында бастау жоспарланған еді.
Содан бергі бір жылға жуық уақыт ішінде қандай жұмыстар атқарылды? Осы сауалды Kazinform тілшісі Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жолдады.
Ведомствоның мәліметінше, М-32 Самара — Шымкент автожолына балама бағыт ретінде қарастырылған «Түркістан қаласының шығыс айналма жолын салу» жобасы үш учаскеге бөлінген. Алайда жоба бойынша жобалау-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізіліп жатыр.
Бірінші учаскенің ұзындығы — 5 шақырым. Жобаның құны 9,1 млрд теңгені құрайды. Бұл бөлік бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Екінші учаскенің ұзындығы — 11 шақырым. Болжамды құны — 21 млрд теңге. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын биылғы маусым айында алу жоспарланып отыр. Ал үшінші учаскенің ұзындығы — 14 шақырым. Құны — 28 млрд теңге. Бұл бөлік бойынша да мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған.
— Қазір құрылыс аумағына кіретін жер телімдерін мемлекет мұқтажына алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жол Түркістан қаласы мен Сауран ауданының аумағы арқылы өтеді. Түркістан қаласы бойынша жалпы саны 71 жер телімі (98,82 гектар), ал Сауран ауданында 245 жер телімі (165 гектар) резервке қойылған. Қазір жерге орналастыру жобасын әзірлеу қолға алынған, — делінген басқарма ұсынған ақпаратта.
Сондай-ақ Сауран ауданы әкімдігі тарапынан құрылыс базасын орналастыру үшін 5 гектар жер телімі бөлініп, тиісті қаулы қабылданған. Жобаның әлеуметтік-экономикалық маңызын ескере отырып, облыс әкімдігі жергілікті бюджет есебінен қаржыландыруға келісім беру туралы Үкімет басшысының атына 2025 жылғы шілдеде хат жолдаған.
— Жобаны іске асыру мәселесі Көлік министрлігі, Қаржы министрлігі және Ұлттық экономика министрлігі деңгейінде талқыланды. Сонымен қатар жобаның бірінші және үшінші учаскелері бойынша түзетілген құжаттар мемлекеттік сараптамаға жолданды. Нәтижесінде 2025 жылғы желтоқсанда мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды, — деп мәлімдеді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы.
Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, аталған жол құрылысы биыл маусым айында басталып, 2028 жылы желтоқсан айында аяқталады деп жоспарланып отыр.
Бұған дейін 2022 жылы құрылысы басталған Арыстанбаб пен Ясауи кесенелерін жалғайтын 4 жолақты жолдың қашан аяқталатыны туралы жазған едік.