Түркістандағы Шаға жағажайы неге қаңырап тұр
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Кезінде өңірдегі туризмді дамыту мақсатында іске қосылған «Түркістан» туристік-рекреациялық орталығы бүгінде қараусыз қалып, жарамсыз күйге түскен.

Әлеуметтік желілерде тараған бейнематериалдардан жағажай аумағында вандализм белгілері байқалады. Видеодағы кадрлардан сынған құрылғылар, қураған өсімдіктерді көруге болады.
@photosinterr Как вам?
♬ 5000 — Ирина Кайратовна
Мәселенің мән-жайын анықтау үшін аталған аумаққа арнайы барғанымызда күзет күшейтілгенімен орталық жұмыс істемейтінін байқадық.
Қазіргі уақытта аумаққа рұқсатсыз кіруге шектеу қойылған.

9 млрд теңгенің жобасы неге іске аспай қалды?
Жалпы, көпшіліктің тілінде Шаға жағажайы аталып кеткен орталықтың негізгі мақсаты — қала тұрғындары мен қонақтарының демалуына қолайлы жағдай жасау арқылы туристік саланы дамыту, кешен инфрақұрылымын әрі қарай дамыту және су тасқыны кезеңінде суды ұстап тұруға арналған жасанды көл салу арқылы инвесторларды тартуға жағдай жасау болған.
Жоба екі кезеңде жүзеге асуы тиіс-тін. Бірінші кезең — саябақ салу, белсенді демалыс орны, балалар алаңы, спорт аймағын қамтыды.
Екінші кезеңде жасанды көл салу, жағалауды абаттандыру, қайықтар мен катамарандарға арналған инфрақұрылым, фуд-корттар мен концерт алаңдары бар.
Туризмді дамыту мақсатында салынған жағажай бүгінде бос жатыр. Қомақты қаражат бөлінген нысан пайдалануға берілгенімен, сапасыз құрылыс, қаржыландырудың жетіспеуі және табиғи апат салдарынан толық іске қосыла алмады.

Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, «Шаға» туристік-рекреациялық орталығы жобасына қатысты 2021 жылы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған.
Екі кезеңнен тұратын кешенді құрылыс біріктірілген жоба ретінде қарастырылып, жалпы сметалық құны — 9,3 млрд теңге болған.
Құрылыс жұмыстары тиісті тәртіппен жүзеге асырылған. Жоба мемлекеттік сараптамадан өтті. Құрылыс барысы да авторлық және техникалық қадағалау арқылы бақыланды және жобаны мемлекеттік аккредитациясы бар инженер-сарапшылар тексеріп отырған.

— 2022 жылы жағажай маусымын ашу мақсатында орталық екі учаскеге бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді. Бірінші учаскеде көлді тереңдету, жағалауды бекіту, геомембрана төсеу, суару және жарықтандыру жүйесі, 7 модульді ғимараттар, К-1 және К-2 су арналары, бөгеттер, көпірлер, демалыс аймақтары сынды инфрақұрылым нысандары салынды. Бұл учаске 2022 жылдың 15 маусымында пайдалануға берілді. Жалпы 7,04 млрд теңге игерілді. Алайда пайдалануға берілген соң сапаға қатысты бірқатар кемшіліктер анықталды. Мемлекеттік сатып алу шарты бойынша мердігерге 5 жылдық кепілдік қарастырылған. Міндеттемелер орындалмағандықтан, құрылыс жүргізуші компанияға 1,1 млн теңге айыппұл салынды. Түркістан облыстық экономикалық соты мердігерге ақауды өз есебінен жоюды және айыппұл төлеуді міндеттеді. Екінші учаске жұмыстары қаржыландыру болмағандықтан тоқтап қалды. Онда көлді қоршау, көгалдандыру, жарықтандыру, сорғы станциясы, К-3 арнасы, көл айналасындағы жол және суару жүйелері сияқты инфрақұрылымдарды қамтуы тиіс болатын. Жобаға жалпы құны 2,1 млрд теңге жұмсалуы тиіс болған, — делінген Түркістан облысы әкімдігі ұсынған ақпаратта.

«Шаға» жағажайы — туристік нысан ғана емес, су тасқынына қарсы жүйе
Қоғам назарын аудартқан «Шаға» туристік-рекреациялық орталығы тек демалыс орны ретінде емес, аймақ үшін маңызды гидротехникалық нысан саналады. Жасанды көлдің негізгі функцияларының бірі — көктемгі су тасқынын ұстап қалу.
Шаға көлі — көлемі 2,3 миллион текше метр болатын жасанды су қоймасы. Жыл сайын бұл көлден 3,5–4,1 млн текше метр су айналымы өтеді. Көлге су тарту «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасынан арнайы канал арқылы жүзеге асырылады. Ал артық суды «Шаға» су ағызу каналы және Түркістан магистралды каналы арқылы шығару көзделген.
Көлдегі су айналымын қамтамасыз ету үшін ирригациялық канал салынған. Қазіргі уақытта бұл арна гребной каналы, Түркістандағы саябақтар мен әкімшілік-іскерлік орталықтағы жасыл желектерді суаруға пайдаланылады.

2023 жылғы ақпанда Сауран ауданында болған тасқын су салдарынан көл аумағы бүлінді. Сумен бірге көлге балдырлар, тұрмыстық қалдықтар мен өсімдіктер кіріп, жағалау ластанды. Бұл жайт жасанды көлдің экологиялық жағдайына кері әсер етті.
Оқиға кезінде көлге 2,5 млн текше метр су жиналып, бұл жобада белгіленген шекті көлемнен асып кеткенімен, көл тасқын суын ұстау міндетін толық орындаған. 2024 жылы көлге 300 мың текше метр көлемінде тасқын су келіп түсті.
Қазіргі таңда көл уақытша құрғап тұр. Мамандардың айтуынша, тұрақты су жеткізіліп тұрса, нысан қайтадан толыққанды жұмыс істей алады.

Сенімгерлік басқару нәтиже бермеді
Туризмді дамыту мақсатында құрылған «Түркістан» туристік-рекреациялық орталығы бүгінде тоқтап тұр. Шаға ауылындағы жасанды көл мен жағажай инфрақұрылымы толық іске қосылмай, күтімсіз күйде қалған.
Нысан бірнеше рет жеке кәсіпкерлерге сенімгерлікке берілгенімен, түрлі себептерге байланысты олардың да жобадан бас тартуына тура келген.
Түркістан облысы туризм басқармасының мәліметіне сүйенер болсақ, 2022 жылғы 8 шілдеде Түркістан облысы әкімдігінің қаулысымен аталған нысан «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы» ЖШС-не сенімгерлік басқаруға берілген болатын.
Серіктестік бірқатар кәсіпкерлермен жалдау келісімшарттарын жасасқанымен, инфрақұрылымдық және санитарлық қиындықтар жобаның жүзеге асуына кедергі келтірді.
2023 жылғы 1 қарашада жеке кәсіпкер келісімшартты өзара келісіммен бұзды. Кәсіпкер бұл шешімін жағажай аумағының ластануы, иістің пайда болуы және қаржылық қиындықтармен түсіндірген.

Мұндай жағдай өзге кәсіпкерлердің де келісімшарттарды тоқтатуына себеп болған.
2023 жылы болған сел апаты жасанды көлдің гидроқұрылымына айтарлықтай зақым келтіріп, су деңгейінің төмендеуіне және жағажай құрылымының бұзылуына себеп болды. Бұл жағдай экологиялық және санитарлық ахуалды нашарлатып, нысанды одан әрі пайдалану мүмкіндігін жоққа шығарды.

— Кейінгі сараптамалар көрсеткендей, жаяу жүргінші жолдары, жарықтандыру бағаналары, демалыс орындықтары мен көлеңке павильондар жарамсыз күйге түскен. Бұл ақаулар техникалық актілермен және фотоматериалдармен құжат түрінде расталған. Сенімгерлікке берілген уақыттан бері жобаға бюджеттен қаржы бөлінбеген. Жарықтандыру мен күзет шығындары Серіктестіктің ішкі резервтері есебінен төленіп отыр. 2024 жылдың өзінде жарыққа — 1 170 355 теңге, күзетке — 4 037 295 теңге, қысқы техникалық қызметке — 1 064 899 теңге жұмсалған. Бүгінгі таңда жобаны қайта іске қосу мүмкін болмай отыр, өйткені көлді қалпына келтіру және жағажай инфрақұрылымын толық жөндеуден өткізу қажет. Қазіргі уақытта серіктестіктің және нысанның қаржылық мүмкіндіктерін ескере отырып, сенімгерлік басқаруға берілген жер учаскесін Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты «Тұран су» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының теңгеріміне қайтару мәселесі қаралып жатыр, — делінген басқарма ақпаратында.

Тергеу жүріп жатыр
Түркістан облысының экономикалық тергеу департаменті бұл жобаға қатысты тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Тергеу аяқталғанға дейін құрылыс және пайдалану жұмыстары толығымен тоқтатылған.
— Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағымен тіркелген қылмыстық іс бойынша «Түркістан» туристік-рекреациялық орталығының инженерлік инфрақұрылымын салу нысанының құрылысына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге мәліметтер сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етуге жатпайды, — делінген Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысындағы қоқыс полигондарының 70 пайызы санитарлық-экологиялық талаптарға сай емес екенін жазған болатынбыз.