Түркістандықтар үйінде мал емес, балық асырай бастады
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Түркістан облысында балық шаруашылығы жүздеген отбасының күнкөріс көзіне айналып келеді.
Түркістан облысында соңғы жылдары балық шаруашылығы қарқынды дамып келеді.
Тіпті, тұрғындар арасында үйіргелік жеріне қолдан тоған жасап, балық өсіріп жатқандар да бар. Соның бірі — саурандық Жасур Муминов.
Жаңа Иқан ауылдық округіне қарасты Ибата елді мекенінде тұратын жеке кәсіпкер 240 шаршы метр жерге балық шаруашылығын дамтуды қолға алып отыр.
Бұл бағытта «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен 8,5 млн теңге несие алды.
Үйінің ауласына төрт бассейнде форель орнатып, балық өсіруге кірісті. Шаруа бұл кәсіптен жылына 4 тонна балық алуды көздеп отыр.

Қазір мұнда 5 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Олар балықтың өсуін бақылып, қажетті тағамдарын беріп отырады. Қажет кезде суын ауыстырады.
«Ауыл аманаты» жобасы өз ісін ашамын деген азаматтарға таптырмас мүмкіндік екенін тілге тиек еткен Жасур Муминов алдағы уақытта кәсібін кеңейтуді жоспарлауда.
Ал, Отырар ауданында балық шаруашылығымен айналысатын 4 шағын шаруа қожалығы бар.
Соның бірі «RAN» шағын балық шаруашылығында сазан, ақ амур, қарас және тағы да басқа балық түрлері көбейтілуде.
Мұнда 3 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жалпы жоба құны — 12 млн теңге.
Кәсіпорын басшысы келесі жылы 20 бассейін салуды жоспарлап отыр.
Қазіргі таңда өз қаржысы есебінен сыйымдылығы 4 дана бассейннің құрылысын аяқтап, 18 мың дана шабақтарды суға жіберген.
Мұндағы 0,20 гектар жерде жылына 20 тонна балық өндіріледі. Қолда өсірілген балықтар еліміздегі аймақтарға экспортталмақ.
Шаруа кәсібін кеңейту мақсатында бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантқа өтінім де берді.
Сонымен қатар «Ырыс» МҚҰ-на 8,6 млн теңге жеңілдетілген несие алуға құжаттар тапсырды.

Жоба толық іске асқан жағдайда балық өнімін өндірудің жылдық қуатын 100 тоннаға жеткізбек.
Жалпы, өңірде балық шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан да қолдау күшейтілген.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік 2021-2030 жылдарға арналған» арнайы бағдарламасы бекітілді.
Яғни, 2030 жылға дейін, 10 жыл ішінде тауарлық балық өсіру көлемін 20,0 мың тоннаға, балық өнімдері экспортының өсімін 2 есеге, яғни, 7 мың тоннаға, қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін 100% дейін көтеру көзделіп отыр.
Бағдарлама бойынша биыл 24 тоғандық балық өсіру шаруашылығы тіркеліп, 68 жұмыс орны ашылды.
Конкурстық негізде резервтегі көлде тауарлы балық өсіру мақсатында 2 жергілікті маңызы бар су айдыны бекітіліп берілді.

Аудан, қала әкімдіктері мен балық шаруашылығы инспекциясының статистикалық мәліметтеріне сүйенсек, бүгінгі күнге облыс бойынша 10400 тонна тауарлы балық өндірілген.
Сонымен қатар облыстағы кәсіпорындар 4900 тонна балық өңдеген.
Нәтижесінде, тауарлы балық өндіру бойынша Түркістан облысы республика көлемінде көш бастады.
«Облыста республикалық және жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының саны — 112. Оның ішінде 25 су айдыны кәсіпшілік балық шаруашылығына және 69 су айдыны көлде тауарлы балық шаруашылығын жүргізу үшін бекітіліп берілген. 2021 жылы — 5706,9 тонна, 2022 — 6120 тонна, 2023 жылы — 6660 тонна тауарлы балық өндірілді. Мемлекет тарапынан қолдаулар көрсетілуде. Мәселен, өткен жылы облыстық бюджеттен аква өсірудің өнім сапасын арттыру мақсатында 31 кәсіпкерге 500 млн. теңге, республикалық бюджеттен инвестициялық салымдар кезіндегі балық шаруашылығы субъектілерінің шығыстарын өтеу бойынша 7 кәсіпкерге 123,8 млн. теңге субсидия берілді. Сонымен қатар „Түркістан ӘКК“ АҚ-на 14 кәсіпкер 5,4 млрд. теңге көлемінде несие алуға құжаттар ұсынды. Нәтижесінде 5 кәсіпкерге 3,7 млрд. теңге несие беру мақұлданды. 2023-2024 жылдарға облыс аумағындағы орналасқан кәсіпшілік балық шаруашылығы су айдындарына 3070 тонна квота бөлініп, балық аулау жұмыстары жалғасып жатыр. Өңірде „Ауыл аманаты“ бағдарламасының балық шаруашылығын дамыту бағыты бойынша 35 кәсіпкерге 249,5 млн. теңге жеңілдетілген несие берілді», — деді Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев.

Өңірде алдағы уақытта балық шаруашылығын жетекші салалардың біріне айналдыру көзделіп отыр.
Бұл бағытта елді мекендерде балық шаруашылығын дамыту мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие мен субсидия беру және осы салаға инвестиция тарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілмек.
Одан бөлек, өңірдегі балық шаруашылығын үйрететін мектепке ел кәсіпкерлерінің қызығушылығы артқан. Мәселен, жақында саурандық кәсіпкерлер Шардараға барып, балық шаруашылығын дамыту жолдарын үйреніп қайтты.
Олар Шардара ауданында орналасқан «Хамит» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне арнайы барып, 5 күн қатарынан балықты өсіру, қолдан ұрықтандыру әдістерін үйренді.
Сондай-ақ, Түркістан облысында балық шаруашылығын дамыту, жас кәсіпкерлерді ынталандыру мақсатында «Балыққа өмір сыйла!» атты республикалық форум өткен болатын.
Онда балық шаруашылығы қауымдастығын құру бойынша қарар қабылданып, салаға қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

Жаңадан құрылған қауымдастық облыстағы балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге жан-жақты көмек көрсетеді.
Айта кетейік, бүгінде облыста жаңадан 93 тоғанды балық шаруашылығы бар.
Оның ішінде 4 кәсіпкер үйіргелік ауладан ашқан.
Жалпы өңірде қуаты жылына 15 мың тоннаға жететін 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді.