Түркітанушы ғалымдар Махмұд Қашқари мұрасы туралы жинақ шығарады

Түркі әлемі
Фото: Түркі академиясы

АСТАНА. KAZINFORM – Бішкекте «Түркі әлемінің ортақ мұрасы «Диуани лұғат-ат-түрктің» 950 жылдығы» атты халықаралық конференция өтіп жатыр.

Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Түркия елдерінен келген түркітанушылар автордың өмірбаяны, «Диуани лұғат-ат-түрк» туындысының жазылу мақсаты, шығарманың тілі, сонымен қатар еңбекте қамтылған тарихи-этнографиялық мәліметтер мен әдеби материалдар секілді ғылыми мәселелерді талқылады.

Әсіресе шығарманың аудармалары мен зерттеулеріне және оның түркі тілдерінің тарихын, қазіргі диалектілерді, әдебиетті, этнографияны, салыстырмалы тіл білімін зерттеудегі маңыздылығына ерекше назар аударылды.

түркі әлемі
Фото: Түркі академиясы

Жиынның ашылуында сөз сөйлеген Түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаев XI ғасырда жазылған Махмұд Қашқаридың шығармасы түркі халықтары мен тайпаларының әлеуметтік құрылымын, географиясын, тұрмыс-тіршілігін, наным-сенімдерін, мифологиясын және халық әдебиетін қамтитын түркі энциклопедиясы екенін атап өтті.

«Диуани лұғат-ат-түрктің» түркі халықтары интеграциясының ғылыми-мәдени негізін қамтамасыз етудегі маңызы зор. Бұл жиын осы саладағы жаңа зерттеулердің көкжиегін кеңейтеріне сенім білдіремін. Бүгінгі жиында оқылған баяндамалар арнайы жинақ болып шығарылады», - деді Ш. Мұстафаев.

түркі әлемі
Фото: Түркі академиясы

Айта кетейік, конференцияның ашылу салтанатына Қырғыз Республикасы Білім және ғылым министрінің бірінші орынбасары Бекжан Супаналиев, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі Арслан Койчиев, Түрік лингвистикалық қоғамының президенті Осман Мерт, Түркияның ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының төрағасы Өджал Оғыз және Қырғыз-түрік «Манас» университетінің ректоры Алпаслан Джейлан қатысты. Қатысушылар басқосудың түркі мемлекеттерінің ғылым мен мәдениет саласындағы ынтымақтастығын нығайтудағы маңыздылығын ескерді.

Соңғы жаңалықтар