Тұрлыбаев Айдархан Тұрлыбайұлы (1877-1937)

архан Тұрлыбайұлы - Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, заңгер, саяси қуғын-сүргін құрбаны. Ақмола облысы Көкшетау уезінің Мезгіл болысында туған. 1897 жылы Омбы гимназиясын тәмамдаған. 1897-1902 жылдары Санкт-Петербор университетінің заң факультетінде оқып бітірген. А.Тұрлыбайұлы гимназия мен университетті көрнекті Алаш зиялыларының бірі - Райымжан Мәрсековпен бірге оқып, бірге бітірген.

Тұрлыбаев Айдархан Тұрлыбайұлы (1877-1937)

1902-1917 жылдары университетті бітіргеннен кейін Омбының заң орындарында адвокаттық қызмет қылып, «присяжный поверенный» болады. Заңгердің қайраткерлігі жөнінде «Қазақ» газетінде  1917 жылы былай деп жазады: «Айдархан Тұрлыбаев, присяжный поверенный, заң ғылымына жетік, іскер адам. Айдархан 1-һәм 2-Госдумаға Ақмола облысынан депутат болуға лайық еді, ол кезде халық мұнан гөрі қараңғырақ болып, һәм Айдархан қарсыласы жуан ауылдан болғандықтан, марқұм Науан хазіреттің баласы депутат болып еді».

А.Тұрлыбайұлы төңкеріс жылдары қазақ қоғамындағы қоғамдық-саяси қозғалысқа белсене араласып, Қазақ елінің келешегі үшін келелі істер атқарған. Патша өкіметі құлаған соң қазақ даласының аумағында жер-жерде ұлттық қозғалыс бел алып, ұлттық мәселелер көтеріле бастайды.

1917 жылы 25 сәуір - 5 мамыр аралығында Омбы қаласында өткен Ақмола облыстық қазақ съезі осындай қозғалыстың бірі болды. Съезд төрағалығына Айдархан Тұрлыбаев, орынбасарлығына Асылбек Сейітов сайланады. Қазақ өлкесінде өткен басқа да қазақ съездеріндегідей, бұл съезде де дәурені өткен бұрынғы жергілікті билік тармағын таратып, земство енгізу, ана тілінде, жалпы, тегін оқыту, халықтың діни мұқтаждарын орындау мәселелері талқыланады. Әсіресе, жер мәселесі өткір қаралады. Жер үлесін бөлгенде Құрылтай жиналысының шешіміне сәйкес, алдымен қазақтарды қамтамасыз етіп, оған дейін Құрылтай жиналысы өткенше әлі ешкім қоныстанбаған, бірақ қазақтардан тартып алынған жерлерді өздеріне қайтарып беру мәселесін қойып талқылайды. Осы съезде әр уезден келген 150 делегат А.Тұрлыбайұлын Ақмола облыстық қазақ комитетінің төрағасы етіп сайлайды.

1917 жылы А.Тұрлыбайұлы Алаш партиясы құрылатын І жалпықазақ съезінің де, Алаш автономиясы жарияланатын ІІ жалпықазақ съезінің де ұйымдастыру және өткізу жұмыстарына белсене қатысқан. Ол І съезде Ақмола облысынан Бүкілресейлік құрылтайға және Бүкілресейлік мұсылмандар съезі - Шора-и-Исламға делегат болып сайланды. Алаш партиясының Ақмола облыстық комитетін құруға ат салысты. «Үш жүз» партиясына қарсы шығып, онымен бірлесе әрекет етуді қолдамады. ІІ съезде Алашорда үкіметі - Ұлт кеңесіне Ақмола облысынан мүше болып сайланады. Осы съезд үкімет төрағасын сайлағанда, Айдархан Тұрлыбайұлының кандидатурасы Ә.Бөкейхан, Б.Құлманұлы кандидатурасымен бірге баламалы негізде ұсынылады. Дауыс нәтижесінде А.Тұрлыбайұлы Әлиханнан кейін екінші орын алады. А.Тұрлыбайұлы Алаш милициясын ұйымдастыруда белсенділігімен көзге түсіп,. Семейде бір Алаш полкін ұйымдастыруға Х.Ғаббасов, М.Тынышбаев, Б.Мәметовтармен бірге тікелей ат салысқан.

1919 жылы 11 ақпанда Омбы қаласында Колчак үкіметінің ішкі істер министрінің жолдасы (орынбасары) П.Ф.Коропачинскийдің төрағалығымен өткен «Қазақ-қырғыз халқының әкімшілік-шаруашылық құрылымы туралы мәселе» жөніндегі ведомствоаралық алдын ала өткен мәжілісіке Алашорда үкіметінің төрағасы Ә.Бөкейхановпен бірге оның мүшелері У.Танашев пен А.Тұрлыбаев қатысқан.

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Омбы қаласының түрлі заң орындарында адвокат, кеңесші, сот жүргізушісі болып қызметтер атқарады.

Саяси қуғын-сүргін оны жазбай танып, 1934 жылы абақтыға жабады. Мұнда 6 ай азап шегеді. А.Тұрлыбайұлы 1937 жылы 14 маусымда қайта ұсталып, «ұлтшыл», «ұлттық буржуазия өкілдерінің сойылын соғушы» ретінде айыпталып, ату жазасына кесілді. 1957 жылы ақталды.

Ресейдің Омбы облысы федералдық қауіпсіздік қызметі мұрағатында «кеңес өкіметіне қарсы саяси-төңкерістік әрекеті үшін» деген жалған айыппен тұтқындалған. А.Тұрлыбайұлы мен оның серіктеріне қатысты том-том «істер» сақталған.

Ұрпақтарының айтуынша, бір дерекке тоқтала кетсек: «Айдархан мен Қажымұқан балуан жақсы араласып тұрса керек. Қайран азаматқа «халық жауы» деп пәле жабылғанда бұрынғы араласып жүрген таныстары оның отбасына жоламағанда жалғыз осы Қажымұқан ғана келіп, халдерін біліп, еңкілдеп жылаған екен. Балуан кейін өзінің бір баласының атын Айдархан деп қойғаны, есіл ерді қаншалықты қадір тұтқанын көрсетсе керек».

 

 

Дерек көзі:

Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 8 том

 

Пентагон: АҚШ-тың теңіз блокадасы Иранды $4,8 млрд шығынға ұшыратты
Ұқсас жаңалықтар

Пентагон: АҚШ-тың теңіз блокадасы Иранды $4,8 млрд шығынға ұшыратты