Тұрпандағы 40 мыңнан астам артефакттың бір бөлігі Астанада таныстырылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Тұрпан өңірінде 40 мыңнан астам мәдени артефакт пен 1491 жылжымайтын мәдени мұра ескерткіші сақталған. Бұл туралы Астанада өткен «Керемет жібек: Қытайдың заманауи жібек өнері» халықаралық көшпелі көрмесінің ашылуында Қытай Коммунистік партиясы Тұрпан комитетінің хатшысы Вэнь Таньпин айтты.

Тұрпандағы 40 мыңнан астам артефакттың бір бөлігі Астанада таныстырылды
Фото: Ұлттық музей

Оның сөзінше, Тұрпан Ұлы Жібек жолының маңызды бекеттерінің бірі ретінде ежелгі өркениеттердің тоғысқан орталығы саналады.

— Тұрпан төрт бірдей ұлы мәдениет тоғысқан, астасқан қала. Мұнда әлемдік 4 ірі мәдени жүйе: қытай, үнді, грек және ислам мәдениеттері бас қосады. Қалада дүниежүзілік 7 ірі діннің, 19 көне жазу үлгісінің және 25 тілдің қатар өмір сүруінің нәтижесінде «Тұрпантану» ғылымы дүниеге келді. Бүгінде бұл өңір халықаралық академиялық алмасулар мен ғылыми зерттеулердің маңызды орталығына айналды, — деді Вэнь Таньпин.

Тұрпандағы 40 мыңнан астам артефакттың бір бөлігі Астанада таныстырылды
Фото: Ұлттық музей

Сондай-ақ ол Тұрпанға «Ұлттық тарихи-мәдени қала» мәртебесі берілгенін де атап өтті. Спикердің айтуынша, өңірде ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енген Цзяохэ мен Гаочан көне қалаларының орындары, сондай-ақ Дүниежүзілік ирригациялық мұра мәртебесіне ие Карез жерасты су жүйелері орналасқан.

— Қалада 1491 жылжымайтын мәдени жәдігер ескерткіші және жер қойнауынан табылған 40 мыңнан астам мәдени артефакт бар. Бұл жәдігерлердің ауқымы, тығыздығы, сақталу деңгейі мен құндылығы Шыңжаңда теңдессіз, Қытайда сирек, ал әлем бойынша бірегей жәдігерсаналады, — деді ол.

Тұрпандағы 40 мыңнан астам артефакттың бір бөлігі Астанада таныстырылды
Фото: Ұлттық музей

Сонымен қатар Вэнь Таньпин көрмеге Тұрпанның ұлттық қазынасынан таза жібектен жасалған 11 туындысы қойылғанын айтты.

— Бұл туындылар Жібек жолы бойындағы мыңжылдық мәдениеттердің өзара тоғысуы мен сабақтастығын айқын паш ете отырып, қазақстандық достарымызға Шығыс жібегінің әсемдігі мен Қытайдың Тұрпан өңіріне тән бірегей мәдениеттің тартымдылығын жақыннан сезінуге мүмкіндік береді, — деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, Ұлттық музейде ежелгі петроглифтерді заманауи өнер, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект көмегімен жаңаша таныстырған көрме ашылғанын жазған едік.