Тұтынушылардың 400 миллион теңгеден астам қаражаты қайтарылды

АСТАНА. KAZINFORM — Биылғы жылдың алғашқы үш айында қазақстандықтарға 405 млн теңге көлемінде шығын өтелді. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Болат Танабергенов мәлімдеді.

Тұтынушылардың 400 миллион теңгеден астам қаражаты қайтарылды
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Оның мәліметінше, осы уақыт ішінде Комитет пен аумақтық департаменттер 22 мыңнан астам өтінішті қараған. Былтыр осы кезеңде 14 мың өтініш түссе, биыл шағым саны 152,7%-ға артқан.

Комитет басшысы мұны халықтың құқықтық сауатының артуымен түсіндірді.

— Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде азаматтар өз құқығын жақсырақ біле бастады. Соған сәйкес тұтынушылар құқығына қатысты өтініш саны да көбейді, — деді ол.

Шағымдардың ең көп үлесі — 38%-ы (8,5 мың өтініш) бөлшек сауда саласына тиесілі. Одан кейінгі орында 4,1 мың өтінішпен (18,3%) электрондық сауда тұр. Сондай-ақ тұрмыстық қызмет көрсету саласына — 2 мың, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына — 1,6 мың, ал байланыс қызметіне 704 шағым тіркелген.

Бұдан бөлек, азаматтар туризм, білім беру, қоғамдық тамақтану, қаржы және көлік қызметтеріне де наразылық білдірген.

Қаралған өтініштердің нәтижесінде 7,3 мың адамның талабы қанағаттандырылған. Тағы 7,2 мың азаматқа құқықтық көмек көрсетіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ 5,7 мың өтініш құзыретіне қарай өзге мемлекеттік органдарға жолданған. Ал 2,5 мың өтініш әлі қаралып жатыр немесе өтініш иелері тарапынан кері қайтарылған.

Болат Танабергенов үш ай ішінде кәсіпкерлік субъектілеріне 308 тексеру жүргізілгенін де атап өтті. Нәтижесінде заңбұзушылықтар анықталып, 430 әкімшілік іс қозғалды. Тәртіп бұзған бизнес өкілдеріне жалпы сомасы 12 млн теңге айыппұл салынды.

— Жүргізілген жүйелі жұмыстардың арқасында үш айда тұтынушыларға 405 млн теңге қайтарылды. Бұл қаражат негізінен сапасыз тауарды қайтару, айырбастау және ауыстыру талаптары негізінде өтелді, — деді комитет төрағасы.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысында тұтынушыларға 44 млн теңге қайтарылғанын жазған едік.