«Туу» сөзін өлтірмейік - Өңірлік баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өңірлік баспасөзде көтерген өзекті мәселелерге шолуды жалғастырамыз.
Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінде жақында тіл мәселесі төтеден қойылып, соның ішінде ұғымынан ажырап қалға тұрақты тіркестерге, айшықты сөздерге назар бұрады. «...тілдік қорымызға қашан енгенін қайдам, «келуі мұң екен» деген сөзді жиі айтамыз. Сөйлем құрайық, «Апамның келуі мұң екен, үйге қуаныш пен береке бірге кірді». Қуаныш пен береке кірген жерде «мұңның» жүргеніне жол болсын. Мұның дұрысы әлгінде айтқанымыздай, «Апамның келуі міне екен, үйге қуаныш пен береке бірге кірді». Осындағы «мұң екеннің» төркіні «міне, екен» сөзінен шығып, «жылжитын аңның» «жылан» болып кірігіп кеткеніндей күйге түскенін байқаймыз. Айтыла-атыла қолданысқа дендеп енген мұндай сөздерге қазір кешіріммен қарайтын болдық» деп жазады Сыр бойы газеті. Мақала негізінен «туу» сөзінің түсінігіне қатысты болып отыр. Бұл ретте журналистердің өзі жиі шалыс басатын мәселе айтылып, мақала авторы қазіргі тілшілердің тілінен «туылған» деген сөзді жиі ұшырататынына мән береді. «Туған күніңмен» дегенді анамнан туған күнім деп түсіну сонша ауырлық әкелмеуі керек еді, бірақ, бұл жұрт неге олай түсінбейді? Оған дәлелдері де бар сияқты. «Бала өздігінен тумайды, ол - туылады» дейді-міс. Бір қарағанда қисын бар, бірақ қазақ осы «туу» сөзін «малым туды» деп қора жақтағы жандығына қарата айтқан. Ананы «бала тапты», «босанды» дейді», - деп жазады Сыр бойы газеті.Қызығы«туылған» сөз қайдан шықты дегенге тоқтай келе, мақаладағы ойын автор былай қорытады: «Өркениетті биология ғылымы қазір клондау жолымен жан-жануарды көбейту әдісіне кірісіп-ақ кетті. Егер осы әдіспен өмірге келген біреу болса, анадан тумағандар солар, «туылған күніңмен» деп осыларға айтсақ жарасатын шығар»...
Ұлттың коды тілінде - Жетісу газеті
Жетісу газеті де жақындағы нөмірінде тіл мәселесін қаузаған. «Ұлттың коды тілінде» атты мақалада автор сөз құдыреті қатысты дүниелерді қозғай келе, күнделікті қолданыста жүрген бірқатар сөздердің түп төркініне барлайды. Мақаладағы «тура» сөзін талдауы да қызық. Бұл ретте автор әуелі «екіжүзді» деп неге айтамыз?» деген мәселені алға тартып, соңыра «тура»-ның түбірін соған тіркейді. «Әсілі, «екіжүзді» сөзі әуелде семсер атауын білдірген. Оның аты айтып тұрғандай екі жағында да жүзі бар, қалай сілтесеңіз де икеміңізге қарай «иілетін» таптырмас соғыс құралының өзі-ақ. Яғни, білек қалай сілтесе оның нысанасы сол жақта. Нағыз бүгінгі ауыспалы мағынасындағы екіжүздінің өзі осы семсер деп біліңіз. Мұнан соң «тура» туралы толымды сөзді, тұшымды ойды өзіңіз де тұспалдап үлгерген боларсыз. Дәп солай. Бұрындары «тура» деп жалаң жүзді, түзу қылышты айтқан. Көшпелі де жауынгер халық - біздің қазақ осыдан барып «тура» зат есімін түрлендіріп, өзге сөз табы сыңайында да өз сөздік қорына үстеп алады. Айталық, «Тура биде туған жоқ» деген де осыдан соң тым түсінікті көрінсе ләзім-ақ. Шіркін деңіз: біз де бүгін дәл осылай өз сөздік қорымызды сүбелі де сом сүйекті сөзбен толықтырсақ, молықтырсақ бірсәрі ғой...
Осылайша, автор ұлттың кодына балаған тіл мәселесіндегі зерттеулерін, ізденістерін жұртшылық алдына жайып салады. «Қазсаңыз, қазақта қазыналы сөз көп-ақ. Іздеген сайын өз тұнығына тартады», - дей келе автор: «Асылы, біздің мақсат та сын сорып, көптің көлденең бір сөзінен мін қазу емес. Балталаса болмысы бұзылмастай қайран қазақ сөзінің бөлініп ұшқан бір жаңқасын өзіне қосудың жандалбасы деп біліңіз. Пайымды сөздің парқы, мәйекті сөздің нарқы, қайратты сөздің қалпы да қазақта болыпты бұрын. Сенбесеңіз, бізбен бірге сіз де өткен тарихтың тамырын басып көріңіз. Ұлттың коды сөзінде екенін сезінерсіз, бәлкім?!...»
Әккі ұры темекінің тек екі түрін ғана ұрлаған - Ақтөбе газеті
Ақтөбедегі қызық жағдай туралы облыстық газеті жазады. «Тәртіп сақшылары 43 жастағы ұрыны қолға түсірді. Ол қала дүкендерінен тек қана «Парламент» пен «ЛД» маркалы темекілерді ұрлаған».
Айта кетерлігі, полицейлер 43 жастағы ұрыны кезекті «шаруасына» кіріскен сәтте қолға түсірген. Бақсақ, бұған дейін әлгі ұры бірнеше қатар «тек қана «Парламент» және «ЛД» маркалы темекілерді блоктап ұрлаған». «Қазіргі таңда 43 жастағы күдікті өз кінәсін мойындады. «Ұрлық» дерегі бойынша оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды» деп жазады Ақтөбе газеті.
Түлектер әдемі отырыстан бас тартты - Оңтүстік Қазақстан газеті
Қазір өңір-өңірлерде мектеп бітірушілердің 10, 20, 30, 40, 50 жылдық кездесулерін дүркіретіп тойлау дәстүрге айналған. Осыған орай, түлектер ұстаздарына, мектептерiне тарту-таралғылар жасап жататындары да бар. Алайда биыл қасиеттi Рамазан айы мектеп түлектерiнiң соңғы қоңырауының салтанатымен тұспа-тұс келдi. Осыған орай, Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданы, Жуантөбе ауылындағы С.Сейфуллин атындағы жалпы орта мектептi осыдан 10 жыл бұрын бiтiргендер көңiлдi кездесуден, әдемi отырыстан бас тартып, мұның орнына ауылдағы кейуананың үйiн жөндеп берген. «Олар ұлы қайтыс болып кеткен әжейдiң тұрған үйiн күрделi жөндеуден өткiзiп беру туралы бәтуаласты. Өйткенi, әжей ұлынан қалған немерелерiн жалғыз өзi бағып-қағып отыр. Баспанасын жөндетуге шамасы жетпейдi. Сондықтан түлектер жабылып қаржы жинаған...».
76 жастағы әжей тибет жаттығуымен айналысады - Замана газеті
Шымкент маңындағы Шұбар ауылының тұрғыны жасы 76-дан асқан Ырымкүл Ертай әжей туралы «Замана» газеті жазады. Ол күніге таңертең ерте тұрып, ауласында жүгіреді, сосын бір сағат гимнастикалық жаттығулар жасайды екен. «Мен тибеттің «Око возрождения» жаттығуларымен (онда бес түрлі жаттығу бар) шұғылданып жүргеніме бес жылдан асты. Одан бөлек, бұрыннан жасайтын тағы тоғыз түрлі жаттығуларым бар. Оны мектепте жұмыс істеп жүрген кезімде түркістандық бір мұғалім үйретіп еді. Өзім де кейін оны көп адамдарға үйреттім. Себебі бұл жаттығулардың денсаулыққа пайдасы өте зор. Бұл екеуін күніге міндетті түрде жасаймын», - дейді әжей. Салауаттылықтың әсері болуы керек ұлғайған жасыма қарамастан өзін сергек сезінеді, ылғи көңілді жүреді. «Ол кісі жаттығуды да белгілі бір тәртіп, ережелерді бұлжытпай орындай отырып жасайды екен. Мысалы, таңертең жаттығу жасап болған соң ашқарынға екі стакан су ішеді. Оны бірден сіміріп салмай, ұрттап-ұрттап, жарты стаканнан ішеді де, соңынан екі алма жейді».
«Жас отбасы мектебі» ашылды - «Маңғыстау» газеті
Маңғыстау облысында «Маңғыстау әйелдер көшбасшылығы мектебі» қоғамдық бірлестігі Неке сарайында «Жас отбасы мектебін» іске қосыпты. «Жаңа жоба отбасы құндылықтарын дәріптеу, қоғам темірқазығы әрі діңгегі саналатын отбасы институтының рөлін айқындау, сенім мен сыйластыққа негізделген отбасылық қарым-қатынастарды насихаттауды мақсат тұтады. Оң іске облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия қолдау танытқан».
Маңғыстау газетінің жазуынша, «Жас отбасы мектебі» түрлі неке-отбасы қатынастары мәселелерін шешуді көздейді. «Қазіргі таңда елімізде ажырасу деңгейі өте жоғары. Жастар отау құрудан бұрын арнайы психологтардың ақыл-кеңесіне құлақ түргені жөн. Орталықта отбасы құндылықтарын сақтау, жанұядағы тәрбие, ерлі-зайыптылардың ара-қатынасы, балалар құқығы сынды түрлі дәрістер беріледі. Облыста қазіргі таңда дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандар көп. Мұндай жағдайларды болдырмау үшін отбасы құрмастан бұрын дұрыс шешім қабылдау қажет...».
Мақалада авторының жазуына қарағанда, ерекше мектепте отбасындағы жаңа шаңырақ көтерген екеудің ғана емес, жаңа адамдармен байланыс, келін мен ене арасындағы қарым-қатынас туралы да сөз болады. Мамандар пікіріне де орын береді. «Ең қиын мәселе - ене мәселесі. Ене баласының тұлға ретінде қалыптасуына кедергі келтірмеуі керек. Ал тұрмыстық зорлық-зомбылық бала күнінде көрген психологиялық соққының нәтижесінен орын алады. Кінәні бір адамға артуға болмайды. Отбасыдағы мәселе отбасы мүшелерінің бәріне де қатысы бар» деген екен сондай отбасы маманының бірі.
Оқушы «ақылды қолғап» ойлап тапты - Ақмешіт жастары газеті
«Назарбаев интеллектуалды мектебінің оқушысы Әлімжан Кеңесбеков бірегей қолғап ойлап тапты. Аталмыш қолғап биологиялық белсенді нүктелер арқылы алты сырқатқа диагноз қоя алады. Мәселен, аппарат жоғары немесе төмен артериалды қысымды, бассүйектегі қан қысымын, панкреатит, гастрит және бронхитті анықтайды екен. Ал нәтижесін смартфондағы арнайы қосымшаға шығарады», - деп жазады Қызылорда облыстық Ақмешіт жастары газеті. Өнертапқыштың айтуынша, құрастырылған прототипқа 30 долларға жуық қаржы кеткен. Себебі оған мектептегі бар ресурстар қолданылған. «Құрылғыны жасауға үш айдай уақыт кетті. Өндірістік нұсқаларының бағасы шамамен 200 доллар болады. Өндірісті дамыту үшін бізге 14 млн. теңге қаражат керек. Бұл қаржы ғимаратты жалға алуға, тәжірибелер жүргізуге және қажетті сараптамалар жасауға жұмсалады», - дейді газет тілшісіне берген сұхбатында Әлімжан Кеңесбеков.
Айта кетерлігі, шетелдің апараттарына қарағанда, қазақстандық өнім бірнеше есе арзан және медициналық мекемелерге ғана қолжетімді. Мысалы, Ресейде мұндай құрылғы 500 доллар тұрады. Одан бөлек, өнертапқыш қазіргі уақытта диагноздың нақтылығы 76 пайыз екенін атап өтті. Бірақ болашақта нәтижелердің дұрыстығы өсе түседі.
Өскеменнен Астанаға жаяу жол тартты - Менің өлкем газеті
Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесін қолдау мақсатында өскемендік Ғалымжан Тоқтар 26 мамыр күні Астанаға жаяу жол тартқан. Ол күніне шамамен 70-75 шақырымды бағындырып келеді. Ғалымжан Тоқтардың бұл сапарындағы басты мақсат - ЭКСПО-2017 көрмесін қолдап, көрмені насихаттау. Оның артында жұбайы көлікпен ілесіп, барлық жол барысын бейнерегистраторға жазып келеді. Ғалымжан Тоқтар 16 маусымда Елордаға жетуді көздейді. «Ғалымжанның жағдайы жақсы, денсаулығы қалыпты. Күнде сағат төртте таңғы салқынмен жолға шығады. Кешкі 20:30-21:00 шамасында тоқтап, тамақтан кейін бірден ұйқыға кетеді. Алғашқы күндері аздап шаршаңқыраған. Бірақ, қазір бәрі жақсы, - дейді Ғалымжанның зайыбы Еркегүл Мұқият»...