Түйе сүтін экспорттаудан Гиннес рекордына дейін: Сыдық Дәулетовтің жолы
АСТАНА. KAZINFORM — Гиннестің рекордтар кітабына енген түйе шаруашылығының иесі Сыдық Дәулетов Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында ерекше жетістікке қалай қол жеткізгенін баяндады.
— Гиннеске бастапқыда мал саны бойынша өткіміз келді. Кейін бір күнде берілетін сүт көлемімен бақ сынамақ болдық. Бірақ екеуі де талапқа сай келмеді. Содан соң бір өркешті түйеден құралған керуенді бір шақырым қашықтыққа жүргізіп, тізімге ендік, — дейді ол.
Алайда рекордқа дайындық күткеннен қиын болған.
— Еркіндікте жүретін түйе 7 жастан асқан болу керек. Аналық түйелер керек болды. 4 шақырым арақашықтық сақталуы тиіс. Бас үйретуге 3 ай, жалпы дайындыққа 6 ай кетті. Қазақстанда көштің тоқтағанына 100 жылдан асты. Біз Жібек жолын осылайша жаңғырттық, — дейді шаруашылық иесі.
Сыдық Дәулетов қазақ халқының түйемен тығыз байланысты тарихына да тоқталды.
— Технология дамығанша біз түйемен көшіп-қондық. Шаңырағымызды, киіз үйімізді арттық. Сондықтан біз түйеге қарыздармыз, — дейді ол.

Бастапқы жоспар бойынша керуенге 1000 түйе қатысуы тиіс еді. Бірақ тәжірибелі жетекшілердің жетіспеуі, киімнің түсі, дрондардың әсері сияқты факторлар талапты бұзған.
— Сырттан тәжірибелі адамдар әкелу керек болды. Киімнің түсі де маңызды екен. Дрондар ұшқанда түйе үркіді. Шарттар бұзылды. Нәтижесінде 252 бір өркешті түйе жүріп өтті. «Қазақтың үлкен түйе керуені» сертификатын алдық. Бастысы, жеңдік, — деді ол.
Шаруашылық иесі Қытайда бұрын 365 қосөркешті түйеден құралған керуен жүріп өткенін еске салды.
— Олардың түйе тұқымы бөлек. Біздікі сирек кездесетін аруана, бір өркешті түйелер, — дейді Дәулетов.
Әңгіме барысында спикер өзінің түйе шаруашылығы жайлы ақпарат берді.
— Қазір 5 мың бас түйе өсіреміз, оның 1000-ы қос өркешті. Алдағы жылдары түйе санын 10 мыңға жеткізгіміз келеді. Қазақта жер жеткілікті, ол түйе өсіруге қолайлы. Жалпы 600 адам жұмыс істейді. Мал шаруашылығына субсидия көбейеді дегенді естідік. Бұл үлкен қолдау болар еді, — дейді кәсіпкер.
Сыдық Дәулетов түйе сүтінің экспорттық нарығы туралы айтты.
— 2019 жылдан бері түйе сүтін экспорттау мүмкін болды. Бұл — Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапарынан кейін ашылған бағыт. Өнімнің 80 пайызы Қытайға жіберіледі, сондай-ақ Ресейге экспорттаймыз, — деді шаруашылық басшысы.
Еске сала кетейік, жақында Президент мал шаруашылығының әлеуетін барынша пайдалану қажеттігін айтты.