Түйе төлін сатып алу субсидиясы бір басқа 175 мың теңгеге дейін арттырылмақ

АСТАНА. KAZINFORM — Түйе төлін сатып алу субсидиясы бір басқа 175 мың теңгеге дейін арттырылмақ. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

Түйе
Фото: Алматы облысы әкімдігі

— Үкімет мал шаруашылығы саласын, соның ішінде түйе шаруашылығын дамыту, мал басын көбейту, мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну және өнімді тиімді өткізу бағытында жұмыс жүргізіп келеді. Осы саланы ынталандыру мақсатында Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларының аясында мемлекеттік қолдау шаралары көзделген, соның ішінде асыл тұқымды аталық түйе сатып алуды субсидиялау қарастырылған, — деп атап өтеді Үкімет басшысы.

Оның мәліметінша, асыл тұқымды жануарлар құнының өсуіне байланысты түйе төлін сатып алуға арналған субсидия мөлшерін бір басқа 100 мың теңгеден 175 мың теңгеге дейін арттыруды көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

— Бұдан басқа, түйе сүтін өндіру мен қайта өңдеуді субсидиялау жүзеге асырылуда. Оның нормативі биыл маусым айында 1 келісіне 55 теңгеден 190 теңгеге дейін ұлғайтылды, — деді Олжас Бектенов.

Бұған дейін Алматыда құрғақ түйе сүтін жасаған контрафактілік өндіріс орны анықталған болатын.

Соңғы жаңалықтар