Тяньцзинь саммиті барысында ШЫҰ-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданады
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайда өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше-мемлекеттер басшылары кеңесінің 25-ші отырысының қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қойылады деп күтіліп отыр. Бұл туралы бүгін Бейжіңде өткен брифингте ҚХР Сыртқы істер министрінің көмекшісі Лю Бинь мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Оның айтуынша, Қытайдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінің қорытындысы бойынша ШЫҰ-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясына және басқа да бірқатар құжатқа қол қойылады.
Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті аясында Тяньцзинь қаласында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 25-ші отырысы және «ШЫҰ+» форматындағы отырыс өтеді.
ҚХР СІМ таратқан мәлімдемеде атап өтілгендей, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин ШЫҰ саммитіне қатысушы елдер көшбасшыларын қарсы алу банкетін ұйымдастырып, бірқатар екіжақты кездесулер өткізеді.
ШЫҰ саммиті 31 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында Қытайдың Тяньцзинь қаласында өтеді. Еске сала кетсек, Ұйымның 2024 жылдың шілдесінде Астанада өткен саммитінен кейін Қытай ресми түрде ШЫҰ-ға 2024-2025 жылдары төрағалық етті.
ШЫҰ — 2001 жылы құрылған халықаралық ұйым. Оның құрамына 10 мүше мемлекет, 2 бақылаушы ел және ШЫҰ диалогы бойынша 14 серіктес мемлекет кіреді.
Айта кетелік Бейжіңде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрліктерінің өкілдері бас қосқан еді.