«Тыйым салынған қырғыз малының еті елімізге неге келіп жатыр?» - республикалық басылымдарға шолу
***
Кеше Өскеменде Қазақстан мен Ресей Президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Дмитрий Медведев қатысқан екі елдің аймақаралық ынтымақтастық форумы өз жұмысын аяқтады. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Даму бағыттарын байыптаған басқосу» деген тақырыппен көлемді мақала жарық көрді. Басылымның жазуынша, Форумның ашылуында сөз алған Елбасы Н.Назарбаев «Ресей мен Қазақстанның шекаралас облыстары басшыларының бірінші форумы 2003 жылғы сәуірде, екіншісі - 2005 жылғы мамырда Челябіде, үшіншісі - 2006 жылдың қазанында Орал қаласында, төртіншісі - 2007 жылғы қазанда Новосібірде, бесіншісі - 2008 жылдың қыркүйегінде Ақтөбеде, ал алтыншысы былтыр Орынборда өтті. Ежелден достығы мен татулығы, ынтымағы жарасқан екі ел арасындағы форум аясында қол жеткен келісімдер бірнеше ірі өңіраралық бағдарламаларға серпін беріп, көлік қатынасына, кедендік салаға, шекаралық бақылауға қатысты бірқатар мәселелердің жеделдете қаралуына ықпал жасады. Бұл форумның жұмысынан да нәтиже күтеміз. Үстіміздегі жылдың алты айында екі ел арасындағы сауда айналымы 8 миллиард АҚШ долларына жетіп, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, 40 пайызға артқан. Кешелі-бүгін өңіраралық 27 ірі келісімге қол қойылмақ. Олар ғылым мен инновацияны, атом энергетикасын, өнеркәсіпті, туристік саланы, көлік инфрақұрылымы мен агроөнеркәсіп кешенін, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту мәселелеріне арналған», депті.
Мақаланың толық нұсқасын оқығыңыз келсе басылымның сәрсенбілік нөмірін жіберіп алмаңыз.
Сондай-ақ бұл маңызды оқиға «Алаш айнасы», «Айқын», «Литер», «Казахстанская правда» сынды бірқатар республикалық басылымдардың да назарынан тыс қалмаған.
«Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Сигэо Нацуиді дипломатиялық қызметінің аяқталуына орай қабылдады», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Ынтымақтастыққа белсенді үлес» деген тақырыппен басылған мақаласында. Басылымның атап өтуінше, жапон елші өз сөзінде Қазақстан мен Жапония арасындағы халықаралық келісімдерді бекітуге Парламенттің белсенді атсалысқанын атап өтті. Бірнеше келісімдерді заңдастырған құқықтық база қос мемлекеттің ынтымақтастығын нығайту үшін өте маңызды болды. Жуырда Жапония парламентшілері Астанада болып қайтқаны белгілі. Олар Мәжіліс үйіне келіп, әріптестерімен де кездесулер өткізді. Елші Жапония депутаттарының үлкен ризашылықпен аттанғанын мәлім етті.
Айт мүбәрак болсын, бауырлар! «Егемен Қазақстан» газетінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлінің Ораза айт мерекесімен құттықтауы жарық көрді. «Асыл дініміз шақырғандай бейбіт әрі өзара сыйластық пен ынтымақта өмір сүрер болсақ, онда мұнан да қарқынды дами түсеріміз хақ. Алла тағала Рамазан айында ұстаған оразаларымыз бен құлшылық-ғибадаттарымызды қабыл етіп, екі дүниенің бақытына бөлегей! Халқымыздың ынтымақ-бірлігін арттырып, ырыс-несібесін адалынан молайтқай! Дінімізге қуат, өзімізге иман байлығын бергей! Әумин!», делінген бас мүфти құттықтауында.
***
«Парламентке келіп, баяндама жасаған Білім және ғылым вице-министрі Махметқали Сарыбеков Қазақстандағы «балалар үйлерінде тұрып жатқан жетімдердің саны жыл өткен сайын төмендеп келе жатқанын», өйткені оларды асырап алуды қалайтын қазақстандықтардың саны өскенін мәлім етті. Ол сенаторларға «бүгінгі таңда бір мың сегіз жүз қазақстандық отбасының бала асырап алу кезегінде тұрғандығын» хабарлады», деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі нөмірінде жарық көрген «Қазақстан қоғамы қайырымды» деген мақалада. Басылымның атап өтуінше, жарымкөңіл балаларға жүрегінің шуағын шашып, қамқорлыққа бөлейтін жандардың қатарының молаюына мемлекет ел қазынасынан төленетін арнайы қомақты төлемақыны енгізу арқылы түрткі болмақ. Бір бала асырап алған отбасыларға Үкімет 42 мың теңгеден астам қаржы төлеуі мүмкін.
«Біздің көп проблемамыз - биліктегі адамдардың, саясаткерлердің иманы жоқтығында. Олар ешкімнен де қорықпайды. Алладан қорықпайды. Тозақтан қорықпайды. Мен нағыз қазақтың төрт сипаты бар деп ойлаймын. Біріншіден, нағыз қазақ өз ана тілі - қазақ тілінде сөйлеуі керек. Екіншіден, мұсылман болуы керек. Үшіншіден, жеті атасын білуге міндетті. Төртіншіден, домбыраны тарта білуі керек. Кезінде біздің ата-бабаларымыздың ұстанымы осылай болды ғой. Сондықтан біз осы қағидаларды ойдан шығармай, ата-бабаның өсиетіне құлақ түріп, балаларымызға шынайы тәрбие беруге тиіспіз. Бірақ Америка, Еуропадан келген рухани экспансиядан біздің қоғам шаршап, адасып отыр. Десе де, біз ата-бабаларымыздың рухани мұрасын көтеруіміз қажет». «Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының қонағы болған «Руханият» жасылдар партиясының төрағасы Серікжан Мәмбеталин сұхбат барысында осындай пікір білдірген. Екеуара әңгіменің толық нұсқасын басылымның бүгінгі нөміріндегі «Мен үшін қазақ болудың төрт сипаты» деген тақырыптан оқи аласыздар.
Электр қуатын өндіру-Қазақстан экономикасының негіз құраушы салаларының бірі. Оның сенімді де тиімді жұмыс істеуі, тұтынушыларды электр және жылу қуатымен тұрақты қамтамасыз етуі-отандық экономиканың қалыпты дамуы және ел тұрғындарының өркениетті өмір сүруі үшін қажетті шарттардың ажырамас бөлігі. Қазір елімізде 60-тан аса әртүрлі меншік үлгілеріндегі станциялар электр қуатын өндіреді. Бәрі де кешегі Кеңес Одағы кезінде салынып, ұзақ жылдар бойы халқымызға қызмет етіп келеді. Алайда бүгінгі егемен ел, тәуелсіз мемлекеттің мұқтаждықтарын қамтамасыз етуге олардың мүмкіндігі аздық етуде. Осы мәселелер көтерілген мақала "Айқын" газетінде «Тәуелсіздік тұсындағы тұңғыш СЭС төл мерекенің 20 жылдығына орай тапсырылады» деген тақырыппен берілген.
***
«ТМД елдері, яғни Қазақстан, Ресей және Өзбекстан үш жыл бұрын Қырғыз Республикасының ет өнімдері тасымалына шектеу қойған болатын. Бүгіндері бұл шектеу әлі өз күшіне ие. Бірақ соған қарамастан күмәнді қырғыз малының еті біздің базарлардан орын алып жатыр. Мұны көрші ағайын ресми түрде растап та отыр», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Мақаланың байыбына барғыңыз келсе, басылымның сәрсенбілік санында жарияланған «Тыйым салынған қырғыз малының еті елімізге неге келіп жатыр?» деген мақалаға назар салыңыз.
Соы басылымның тұрақты «Дат!» айдарында «Алматы кітап» баспасының вице-президенті Бүбіхан Баратқызымен арадағы сұхбат «Төл оқулықтар дайындауда тәжірибеміз әлі де жеткіліксіз» деген атпен басылды. «Алаш айнасы» газетінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол «мектеп партасындағы бүгінгі бала - ертеңгі қоғамның белсенді мүшесі, басшысы. Сондықтан балаға болашақ деп қарап, оның біліміне ерекше мән берілуі керек. Бастауыш сыныптан бастап-ақ оның рухын көтеріп, қазақ екендігін есіне салып отыратын тәрбие тәсілдерін қолданғанымыз жөн. Әлбетте, жас ұрпақтың білімі биік болу үшін жақсы оқулықпен қоса, сапалы білім беретін мұғалім және керек», дейді.
Мәжіліс мақұлдаған Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы келісім кеше Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында талқыланды. Осыған орай «Алаш айнасы» газетінде «Түбі бір түркілікке ұмтылуға не кедергі?» деген тақырыппен мақала жарияланды. «Расында, түркітілдес мемлекеттермен ынтымақтасу мәселесі - Қазақ елі Тәуелсіздік алғаннан бері күн тәртібінен түспеген, өзектілігін еш жоймаған мәселе. Мұндай ынтымақтастық ниетін кеңестік бұғаудан жаңа босаған мемлекеттердің тәуелсіздігін іл-шала мойындаған Түркия тарапы білдірсе, кейіннен Қазақстан да түбі бір түркілік бірлікке ұмтылуға біршама әрекеттер жасады», деп жазады басылым.
«Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Иркутск қаласында ашылған 6-шы Байкал экономикалық форумының жұмысына қатысты», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Қазақстан мен Ресей арасында көптеген экономикалық бағыттар мен жобалар бойынша бұрыннан қалыптасқан және тиімді өзара байланыстар жолға қойылғандығын атап өткен К.Мәсімов «Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Анатольевич Медведевтің бүгін ресми сапармен өңіраралық ынтымақтастық форумы өтіп жатқан Қазақстанда болып, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен бірге екіжақты қызметтестіктің нақтылы да практикалық мәселелерін талқылауының өзі нышандық сипатқа ие», деді.
Байкал экономикалық форумы шеңберінде Қазақстан Үкіметінің басшысы К.Мәсімов РФ Федерация Кеңесі Федералдық жиналысының Төрағасы Сергей Мироновпен кездесті. Сонымен қатар Ангарск электролизді химия зауытында болып, "Росатом" атом энергетикасы жөніндегі мемлекеттік корпорацияның бас директоры Сергей Кириенкомен және "АЭХК" ААҚ-тың бас директоры Александр Белоусовпен жүздескен.