ТЖ кезінде құтқарушыларға үш еселенген өтемақы беріледі – Жаңа заңның нормалары қандай

АСТАНА. KAZINFORM – Сенат «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау, электр энергетикасы және мемлекеттік мүлікті басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда мақұлдады.

СҚО-ға тасқынмен күреске келген құтқарушылар бүгін үйлеріне аттанды
Фото: СҚО әкімдігі

Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Сергей Ершовтың айтуынша, бұл заң азаматтық қорғау жүйесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіру, тиімділігін арттыру, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жоюмен айналысатын қызметкерлерге әлеуметтік қолдау шараларын енгізу мақсатында әзірленген. Сондай-ақ, құжатта электр энергетикасы және мемлекеттік мүлікті басқару салаларын реттеу де қамтылған. Аталған өзгерістер 10 кодекске және 37 заңға енгізіледі.

− Ең алдымен, елдің қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін өрт қауіпсіздігі мен өнеркәсіптік қауіпсіздік шаралары күшейтілгенін атап өткім келеді. Мәселен, адам көп жиналатын нысандар, биіктігі 28 метрден асатын көпқабатты тұрғын үйлер пайдалануға берілер алдында өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі жөнінде қорытынды алу тәртібі енгізіледі. Бұл аталған санаттағы нысандарда бұзушылықтардың алдын алуға және азаматтар үшін ықтимал қауіп-қатерді азайтуға мүмкіндік береді, − деді С.Ершов Сенаттың бүгінгі отырысында.

Өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін Төтенше жағдайлар министрлігіне қауіпті өндірістік нысандарды жаңарту және техникалық қайта жарақтандырудың Жиынтық жоспарын мақұлдау функциясы беріледі. Сондай-ақ, нысан иелеріне бұл жоспарды уақытылы орындау міндеті жүктеледі. Бұл шара объектілерді қайта жарақтандыру барысын ішінара бақылауға мүмкіндік береді.

Кәсіби авариялық-құтқару қызметтеріне қойылатын талаптар да күшейтілді. Атап айтқанда, бұл қызметтерде арнайы техника, аппаратура және жабдықтар меншік құқығында болуы керек. Оған қоса, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы кәсіби авариялық-құтқару қызметтерін аттестаттаудың бөлек тәртібі енгізіледі. Бұл туындаған қауіп-қатерге жедел ден қоюға және қызметтердің әрекет ету дайындығын арттыруға мүмкіндік береді.

− Азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің әлеуметтік мәртебесін арттыруға бағытталған түзетулер бөлігін жеке атап өткім келеді. Атап айтқанда, қызметкерлер мен олардың отбасыларына тұрғын үй жәрдемақысы, көтерме төлемдер және жеке мүлкін көшіру шығындарын өтеу қарастырылған. Сондай-ақ, әскери немесе төтенше жағдай кезінде, терроризмге қарсы операциялар немесе төтенше жағдай жарияланған аумақта апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде қызметкерлерге үш есе мөлшерде ақшалай өтемақы төлеу көзделген, − деп түсіндірді депутат.

Еңбек қатынастарында тұрмаған ерікті өрт сөндірушілер үшін де жеңілдіктер белгіленді. Мысалы, өмірден өткен жағдайда, мүгедектікке ұшырағанда, ауыр жарақат, контузия, жаралану немесе еңбекке жарамсыздыққа әкеп соққан аурулар кезінде ең төменгі жалақы мөлшерімен бірдей төлемдер қарастырылған. Келешекте бұл шаралар ерікті өрт сөндірушілердің құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін қорғауға негіз болмақ.

Сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары да күшейтілді. Бұл бағытта ҚР ТЖМ төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге ескерту бойынша бақылау функциясын алады.

Заңда электр энергетикасы және мемлекеттік мүлікті басқару салаларына қатысты нормалар да қарастырылған. 2029 жылға дейін электр энергетикасы саласын дамыту тұжырымдамасы бекітілген.

Электр қуатын қолдауға бағытталған қызметтер бойынша жекелеген тарифтерге индексация қарастырылған. Бұл, әсіресе жаңадан іске қосылатын электр станцияларына қатысты. Мұндай шаралар валюта және қаржы тәуекелдерін төмендетуге және инвестиция үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

− Квазимемлекеттік секторды басқаруды, соның ішінде жекешелендіруді жетілдіру мақсатында тиісті шаралар қабылдау қажеттігі туындады. Қазіргі тәжірибеде нысандарды бағалау құнынан төмен бағада сату, аффилиирленген тұлғаларға беру сияқты фактілер анықталған. Осыған байланысты, бәсекесіз сату тәсілдерін алып тастау және нарық құнынан төмен бағада сату мүмкіндігін болдырмау жөніндегі түзетулер енгізіледі, − деді С.Ершов.

Сонымен бірге, заңның екінші оқылымында мемлекеттік материалдық резерв жүйесін орталықсыздандыру, өнеркәсіп қауіпсіздігіндегі бақылауды күшейту, азаматтық қорғанысқа құрылыстарын міндетті түрде мемлекеттік тіркеуге алу, сейсмологиялық бақылау желілерін және ерте ескерту жүйелерін кеңейту мен жаңғырту ұсынылды.

Өрт салдарынан үшінші тұлғаларға зиян келтірілген жағдайда, адам көп жиналатын нысан иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті түрде сақтандыру талап етіледі.

Айта кетейік, Төтенше жағдайлар министрлігі 16 мыңға жуық объектінің өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздігін тексеріп, 100 мыңнан астам бұзушылықты анықтаған. Қауіпсіздік талаптары бұзылып, жұмысы тоқтаған кәсіпорындар 4,5 есе ұлғайған.

Соңғы жаңалықтар