У.Қайсаровтың лингвистикалық комиссияның сынынан өте алмауында ешқандай да саяси астар жоқ- М.Жолдасбеков

АНА. 9 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Уәлихан Қайсаровтың Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде Президенттіке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгеруін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның сынынан өте алмауында ешқандай да саяси астар жоқ.
None
None

Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында лингвистикалық комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков мәлім етті.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Орталық сайлау комиссиясы Уәлихан Қайсаровты Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде Конституция мен «ҚР Сайлау туралы» конституциялық заң талаптарына сәйкес емес деп тауып, тиісті қаулы қабылдаған болатын. «Кеше аталмыш кандидат Президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді меңгеруін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссиясының сынынан өте алмады. Сол себепті кандидат У.Қайсаров Конституция мен «ҚР Сайлау туралы» конституциялық заңның талаптарына сәйкес емес деп танылды», - деп мәлімдеген болатын бүгін ОСК-ның хатшысы Бақыт Мелдешов.

ОСК-нің бүгінгі отырысында осы мәселеге қатысты түсініктеме берген Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың айтуынша, Уәлихан Қайсаров лингвистикалық комиссияға емтихан тапсыра алмаған соң ақпарат құралдарының өкілдері бұның саяси астары бар екендігін айтып, сондықтан комиссия шешімінің дұрыс емес екендігін айтып жар салған.

Ал өз кезегінде М.Жолдасбеков лингвистикалық комиссия шешімінің ешқандай да тапсырыс емес екенін және оның таза мемлекеттік тілге деген талаптардың аясында қабылданғанын атап өтті. «Қазақстан сияқты елді басқаратын адам мемлекеттік тілді толық меңгеруі керек. Ол саясаттан да, экономикадан да халықаралық қатынастан да үлгілі адам болуы қажет. Жалпы Президент болатын адамдарға қойылатын талаптар біздің Конституцияда айқындалған. Соның бірі - Президенттікке кандидат мемлекеттік тілді еркін меңгеруі керек. Біздің комиссия осы міндет аясында жұмыс істеді. Комиссия құрамында филология саласындағы елімізге танымал ғалымдар бар. Сондықтан комиссияның Мемлекет басшысы болам деген кез-келген адамның мемлекеттік тілге қатысты мүмкіндігін анықтауға қауқары толық жетеді»,-деді М. Жолдасбеков.

Оның айтуынша, мемлекеттік тілге қатысты сынақ үш кезеңнен өтті. Осы үш кезеңнің біріншісінен У.Қайсаров 28 қате жіберді. Екінші мәтін оқуда да көптеген қателіктер кетті. «Президентікке кандидат еркін сөйлей білуі керек. Ал У.Қайсаров «Халықаралық ынтымақтастық аясындағы Қазақстан» деген тақырыпқа сөйледі. Бұл өте жақсы тақырып. Соған қарамастан У.Қайсаров тақырыптан ауытқып кетті. Осындай мәселелердің барлығын толықтай қарап, сараптай келе ол қазақ тілін еркін меңгермеген деген қорытындыға келдік»,-деді М.Жолдасбеков.

Соңғы жаңалықтар