Уақап Қыдырханұлының мерейтойына орай ҚР Президент Әкімшлігі басшысының орынбасары жедел хат жолдады
АЛМАТЫ. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Қазақстанның еңбек сңірген мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі, «Құрмет» орденінің иегері Уақап Қыдырханұлының 80 жылдық мерейтойы өтіп жатыр. Онда Қазақстан жазушылар одағының төрағасы мерейтой иесіне жолданған үкіметтік жедел хатты табыс етті.
Онда ҚР Президент Әкімшлігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев: «Сіз қазақ баспасөзі мен әдебиетіне сіңірген еңбегіңіздің арқасында бүгінде жұртшылыққа кеңінен танымал қаламгерсіз. Ұзақ жылдар «Социалистік Қазақстан» газетінде жемісті еңбек етіп, ұлттық журналистикамыздың тарихында өзіндік қолтаңба қалдырдыңыз. 10 жыл бойы «Шалқар» халықаралық газетін басқарып, шетелдегі қандастарымызбен қарым-қатынас орнатудағы сіздің енбегіңіз аса зор болды», - дейді. Сондай-ақ алғашқы болып «Құран кәрімді» қазақ тіліне аударып, туған елі үшін имандылықтың қайнар бұлағын ашқанын еске түсіреді. Әдебиет саласындағы «Сағыныш саздары», «Шаңқай түс», «Тасқайнат», «Таң нұры», «Өз елім - өзегім» және тағы басқа кітаптарының жоғары көркемділігімен, биік талғамымен, тілінің шұрайлылығымен қалың оқырманның ықыласына бөленгенін, сондықтан алдағы кезеңде де уақытпен үндес публицистикалық мақалаларымен, көркем әдеби шығармаларымен оқырман қауымды қуанта беретініне зор үміт артатынын жеткізді.