Уақыттың бір сағатқа артқа жылжуы: ШҚО-да мектептегі сабақ кестесі өзгере ме
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM –Шығыс Қазақстан облысында жаңа оқу жылында оқушылар мектепке бұрынғы сабақ кестесі бойынша барады.
Өңірде ата-аналар арасында жүргізілген сауалнама нәтижесіне сәйкес, сабақты бастау және аяқтау уақыты еш өзгеріссіз қалды. Бірінші ауысым оқушылары сабаққа сағат 08:00–де келсе, екінші ауысымдағылар сабақты 19:15–ке дейін аяқтайды.
— Облыс аумағында сабақтың басталу уақыты өзгертілмейді. Жалпы білім беретін мектептерде сабақтар бұрынғы режимде өтеді. Мектепке дейінгі мекемелер мен колледждерде де сабақ кестесіне өзгеріс енгізу жоспарланып отырған жоқ, — дейді ШҚО Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жаңғазы Әліпбаев.
Айта кетейік, бұл мәселе көктемде қызу талқыға салынған болатын. Кейбір мектептерде екінші ауысымдағы сабақты ертерек аяқтау үшін сабақтың басталу уақытын өзгерту туралы ұсыныс жасалған еді.
Алайда бұған ата-аналардың көбі қарсы шықты. Олар бұрынғы кестені өзгеріссіз қалдыруды қолдап дауыс берді.
— Күзде балалар сабақтан қайтқанда қараңғы түсіп кетеді. Бірақ біз үшін жаңаға бейімделгеннен гөрі, үйірмелер мен секциялардың кестесін өзгертпеу маңыздырақ болып отыр, — дейді Өскемен қаласындағы мектептердің біріндегі 7-сынып оқушысының анасы.
Білім басқармасы кешкі уақытта балалардың қауіпсіздігі бақылауда болатынын жеткізді. Мектеп аумағы қосымша жарықтандырылып, кезекші мұғалімдер оқушыларды мектептен шығарып салып отырмақ.
Еске салсақ, осыған дейін Жамбыл мектептеріне өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін тағы да айыппұл салынғаны хабарланған.