ҰБТ - білімді шынайы бағалайтын тәсіл - Н.Дәулетов, БҚО

ОРАЛ. 8 маусым. ҚазАқпарат - ҰБТ-ның атқаратын ең басты қызметі - сырттай, тәуелсіз бақылау арқылы адами субьективтік факторларды қатыстырмай, мектеп бітірушілердің 11 жыл бойы алған білімін, мемлекеттік білім стандарты, бағдарламалық материалдың орындалу деңгейін айқындау.

ҰБТ - білімді шынайы бағалайтын тәсіл - Н.Дәулетов, БҚО

ҰБТ оқушыларға берілетін 3,5 сағат уақыттың жеткілікті екенін көрсетіп, тест сұрақтарының балдық көрсеткішін бағаға айналдыруда, оқушының білім деңгейіне сәйкес келетіндігі іс жүзінде дәлелдеді. Нәтижесінде 100-ден жоғары балл жинаған мектеп түлектері Қазақстанның ғана емес, әлемнің ең алдыңғы қатарлы университетінде грант негізінде оқу мүмкіндігіне ие болып отыр. Осыған орай ҰБТ бойынша үздік көрсеткішке қол жеткізіп отырған Орал қаласындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Нәсіпқали Дәулетов өз ойын былайша білдірді.

- Біздің мектебімізді биылғы оқу жылы 33 шәкірт тәмамдады. 4 маусым күні өткен ҰБТ сынағына оқушылар толық қатысып, 13-і «Алтын белгіге», 8-і «Үздік аттестатқа» ие болды. Түлектердің орташа балы 117,36 балды құрады. Ал ең жоғарғы балл - 124, деді ол.

Соңғы жылдары білім көрсеткішінің облыстарда 10 балдай, республикада «Алтын белгі» немесе 125 балл жинаушы түлектердің жыл сайын мыңға дейін жетуі шынайы білім сапасының көрсеткіші емес. Алайда бұған ҰБТ-ны кінәлау орынсыз. Бұл - тестілеуді  ұйымдастырудағы өз кемшілігіміз. Биыл осы кемшіліктерді жою бағытында біраз шара жүзеге асты. Мысалы, ұялы телефонды қолдандырмау бағытындағы жұмыстар жүргізіліп, тестілік сұрақтардың мазмұнына өзгертулер, тың материалдар, логикалық сұрақтар енгізілді. Нәтижесінде қазіргі ҰБТ-ның алдын ала қорытындылары бойынша  «Алтын белгі» үміткерлері 25-30 пайызға дейін азайып, ал 125 балл жинаушылардың жалпы саны 1-2 пайызға дейін төмендеді. Биылғы көңіл аударатын кемшілік, математика, әсіресе, Қазақстан тарихы пәнінен тың материалдан шамадан тыс көп қамтылған және  талдаудан өтпеген, оқушы түсінігіне сай емес материалдар көп ұшырасады. Ол оқушылардың, ата-аналардың, мұғалімдердің ұлттық бірыңғай тестілеуге деген қарсы пікірлерін туғызды. Сондықтан ҰБТ-ға қандай болмасын, өзгерістер енгізуге үлкен жауапкершілікпен қарап, ең алдымен мұғалімдер қауымына жүгіну керек.

«Мектеп арқылы ғана оқушы да, ата-ана да ҰБТ-ның мәнін жете түсіне алады. Ұлттық бірыңғай тестілеу    оқушының шынайы білім сапасын анықтайды», деп түйіндеді ойын Н.Дәулетов.