ҰБТ - білімге талпынған бітірушілердің сағын сындырмайтын болғаны абзал...

СТАНА. Маусымның 16‑сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Былтырғы 2009 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі бойынша республикамызда 8 түлек ең жоғары балл жинаған болатын. Биылғы көрсеткішке қарағанда, оқушылардың балл жинауында ілгерілеу баршылық. Ағымдағы сынақта республика бойынша ҰБТ сынақтарынан 43 түлек ең жоғары 125 балл алған. Ал 25 мың 929 мектеп бітірген түлектер 100 балдан жоғары

ҰБТ  - білімге талпынған бітірушілердің сағын сындырмайтын болғаны абзал...

жинаса, 11 мың 597 бітіруші тест нәтижесін 50 балға жеткізе алмапты. Айта кетейік, биылғы жылы елімізде ҰБТ сынақтары маусымның 4-і мен 10-ы аралығында республикадағы 154 пункте өтті. Оның 49-ы қалалық, ал 105-і ауылдық жерлерде орналасқан.

Министрліктің ресми мәлімдемесіне қарағанда, биылғы жыл һәм жыл өткен сайын аппелляциялық шағым берушілердің саны кеміп отырған тәрізді. Алайда, бітірушілердің білімін сынайтын бұндай ұлттық жүйеде әлі де жеткіліксіз дүниелер, жетілмеген мәселелер бар екені айқындалып отыр. Бүгінгі Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында бірқатар депутаттар осы төңіректе әңгіме қозғаған болатын.

«Шығыс Қазақстан облысы Семей, Аягөз, Зайсан қалаларынан, Жарма ауданынан ҰБТ тапсырған мектеп бітіруші түлектерден көптеген хаттар келуде. Бұнда азаматтардың көтеріп отырған мәселелері де орынды, өйткені сынақ тапсыру барысында бар-жоғы 1 балдың жетпей қалуынан, сәл ғана қателікке ұшыраған түлектер «Алтын белгіден» қағылып жатыр екен», дейді Білім және ғылым министрінің атына жолдаған сауалында депутат Нұртай Сабильянов. Мәселен, оның айтуынша, Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының түлегі Қуаныш Қалихан ҰБТ қорытындысы бойынша 113 балл жинап, негізгі төрт пәннен бес алған. Ал орыс тілі пәні бойынша 17 балл жинапты, дегенмен оның нәтижесі жалпы тестілеу қорытындысында саналмайтындықтан «Алтын белгіден» құр қалып отыр. Бұнда да мәселе даулы. Өйткені қазақ мектептері үшін жазылған оқу құралы мен орыс мектептері үшін жазылған оқулық арасындағы жауап әртүрлі болып кеткен. Тағы бір мысал, Семей қаласындағы 137-ші гимназия түлегі Ә. Есімбаева ҰБТ бойынша 119 балл алып, негізгі пәннен 1 балдың жетіспеуінен бұл да «Алтын белгіге» ілінбеген. Бұндай мысылдарды тізбектей берсе шыға беретін тәрізді.

«Он жыл бойы мектепте озат оқып, үздіктердің қатарында көрінген, ал ҰБТ тапсырғанда 1-2 балл жетпеудің салдарынан «Алтын белгі» алмай қалуы балалардың сағын сындырып, оқуға деген талпысынын жоққа шығармай ма?», дейді Н. Сабильянов.

ҰБТ-ның көңілге кірбің салатын тағы кері тұсы орта мектептердің ауданаралық рейтингіне қатысты болып отыр. Депутаттың айтуынша, соңғы жылдары мектептер өздерінің беделдері үшін, пайыздық көрсеткіштерді арттыра түсу мақсатында балаларды ҰБТ-ға мейлінше аз қатыстыруға тырысып бағады. «Мәселен, ҰБТ-ға 63 пайыз адам қатысқан ауданның орташа білім деңгейі 88 балл, 52 пайыз қатысқан аудандікі 80 бал болыпты да, керісінше мектеп бітірушілердің 98 пайызы қатысқан білім ошақтарының орташа балы 80-нен төмен түсіп кеткен. Бұны болашақта дұрыс ойластырған абзал, өйткені мектеп рейтингін төмендетпеу үшін мұғалімдердің өздері балаларды ҰБТ-ға қатыстырмауға ұмтылыс жасайтыны анық байқалады», деді Н. Сабильянов.

Ал депутат Рамазан Сәрпеков ҰБТ мәселесіндегі сауалдар сапасының жыл сайын жақсарып келе жатқанын, бірақ жалпы жүйеде олқылықтар әлі де бар екендігін алға тартады. «Баяғыда «қалмақ» деген сөзді естігенде қазақтың сақал-мұрты жыбырлап кетеді» дегенді естуші едік. Ендігі күні ҰБТ дегенде, үндемей қалу мүмкін болмай отыр. Жалпы, ҰБТ барысында біршара мәселелер қамтылып жатыр, дегенмен әділетсіздіктің орын алып отырғаны рас. Мәселен, 1 сыныптан бастап 11 жыл бойы оқуын үздік бітірген бала, ҰБТ-дағы 1 балға бола «Алтын белгісін» де ерекше аттестатын да ала алмай қалып жүр. Ал 10-11 сыныптарды ғана белсенді оқыған кейбірі, солардың орнын басып жатыр. Негізінен ондай ұзақ жылдар бойы үздік оқығандарға 1-2 балды оқытушысының демеуімен қосып берсек, сол баланың өмірге, білімге деген құштарлығы да күшейер еді ғой деп ойлаймын», деді Р. Сарпеков. Бұл ретте депутат мәселені арыға созбай сол бір-екі күннің ішінде, ондағы «Алтын белгіден», ерекше аттестаттан үміткерлерге қатысты мәселені оң шешу қажеттігін алға тартады.

Тағы бір мәселе биылғы жылы тест тапсыру бойынша қазақ мектептері үшін орыс тілінен алған балл шегерілсе, орыс мектептері үшін қазақ тілінен алынған балл шегеріледі. Яғни, үміткерлер сынақ тапсыру барысында аталған пәндерге уақытын, ойын сарп етіп, тіпті ол пәндерге мейлінше беріліп, жоғары балл алғанымен, кейін дәл сол пәндер бойынша жинақтаған балл оларға кесірін тигізіп отырған жағдайлар да орын алған. «Сонда қазір 50-ден асып, оқу орнына үміткер боп отырған баланың өзі әлгіндей шегерулерден кейін сынақтан өтпеген болып есептеледі. Қазақ мектебін бітіріп жатқан түлектің бірі орыс тілінен ең жоғары балды - 22 балл жинаған, сол балл енді жалпылама алғанда еш саналмайды. Әлгі оқушының орыс тіліне сарп еткен еңбегі де зая. Сонда бәрібір де балының түк құны жоқ, жинасаң да есептелмейтін пәндерді тестке кіргізудың керегі қанша. Әлгі мәселені қайта қарау керек, шындығында бұл баланың психикасына да әсер ететін дүние ғой», деді Р. Сәрпеков.

Бұны әріптесі Владимир Нехорошев те қоштап қойды. «Білім министрінің былтырмен салыстырғанда ағымдағы жылы ҰБТ жақсы өтті деп айта келе, жалпы мектеп бітірушілерінің тең жартысына жуығы ҰБТ тапсырмай қалғаны туралы ештеңе айтпайтыны түсініксіз. Бұл меніңше жақсылыққа соқтырмайды. Мектеп бітірушілердің бәрі де ҰБТ тапсырулары тиіс, оның ішінде 11 жыл бойы барын салып, үздік оқығандардың болашағын «кездейсоқ бал жетіспеушілікке» ұрындырмауымыз керек. Жалпы, ҰБТ-ның тиімділігін, оның бітірушілер білімін анықтаудағы сенімділігін, дәлдігін әлі де салмақтауымыз керек», деді В. Нехорошев.

Әрине, депутаттар көтерген мәселе қатардағы қарапайым шаруаның бірі емес, республиканың кез-келген өңірлерінде осы мәселеге қатысты бастарын қатырып отырғандар қаншама. Сондықтан да, ҰБТ-ны жетілдіре түсу қажеттігі айқын сезіледі. Әрине, Білім министрінің алдыға тартатынындай тест сұрақтарының сапасы да жақсарып келе жатқан болуы мүмкін. Алайда, кездейсоқ келетін әділетсіздіктер, оның ішінде он бір жыл бойы білім берген ұстазының пікірімен санастырмай, компьютерге балын санаттырудың, сол арқылы болашақ өмірге кедергі болатындай кемшіл тұстарының әлі де басым екені айқын. Ақыр аяғында бұлайша тестілеу - білімге құштар баланың бағын байлап, сағын сындырып қана қоймайды, депутаттар айтпақшы оларға үлкен моральдық-психологиялық соққы да беріп отыр. Алдағы жылдары арнайы бағдарлама арқылы әлемнің озық білім үлгілерін сіңіруге ұмтылыс жасап жүрген Білім және ғылым министрлігі бұны да қаперге алғаны абзал.