ҰБТ-да Алматы қаласының оқушылары көрсеткен нәтиже еліміздегі ең жақсы, ең адал көрсеткіш деп білемін - Б.Жұмағұлов
АЛМАТЫ. 22 маусым. ҚазАқпарат - Бірыңғай ұлттық тестілеуде Алматы қаласының оқушылары көрсеткен нәтиже еліміздегі ең жақсы, ең адал көрсеткіш деп білемін.
Бұл пікірін ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов кеше Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында өткен мектеп бітіруші түлектердің «Жас түлек» фестивалінде білдірді.
«Кез келген елдің басты байлығы - білімді адам. Әрбір ұлттың қай кезеңде болмасын алдында тұратын басты мақсаты салауатты, саналы, білімді ұрпақ тәрбиелеу. Мектеп - өмір қақпасы. Ол қақпадан әр адам өтеді. Сіздердің алтын ұя мектептеріңізден алған білімдеріңіз, мұғалімдеріңіз дарытқан тәрбиенің арқасында, Абай атамыз айтқандай «дүниеге кірпіш болып қаланып», өз орындарыңызды табатындарыңызға сенімдіміз. Жас ұрпаққа өнегелі тәрбие мен мазмұнды білім беру бүгінгі күннің басты талабы. Ғұлама ғалым Ахмет Байтұрсынұлының «балам деген ел болмаса, елім деген бала қайдан шығады», деген тамаша сөзін бәріміз жақсы білеміз», - деді Б. Жұмағұлов.
Министрдің айтуынша, биыл Қазақстанда 160 мыңнан астам түлек мектеп бітіреді. Оның 8 мыңы - Алматы қаласында. Олардың арасында халықаралық және республикалық олимпиадалардың 260 жеңімпазы мен жүлдегері бар. Республика бойынша 1502 бітіруші «Алтын белгі» иегерлері атанып отыр. Оның 178-і Алматы қаласының түлектері. Ең жоғары 125 балл жинаған оқушылардың қатарында №90 лицей бітірушісі Ким Кирил да бар.
Білім министрі: «Биылғы ұлттық бірыңғай тест өте ашық, өте адал өтті. Оның қорытындысы бойынша ең жоғарғы балл жинаған Алматы қаласы оқушылары болды. Бұл еліміздегі ең жақсы, ең адал көрсеткіш деп білемін. Бұл кездейсоқ оқиға емес. Өйткені, Алматы жалынды жастар қаласы, мәдениеттің, ғылым мен білімнің ордасы», - деді.