ҰБТ-ның жаңа форматы қандай мүмкіндік береді - сарапшы түсіндірді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеудің мазмұны мен құрылымы түбегейлі жаңарып, халықаралық үлгіге негізделген жаңа формат енгізілмек. Өзгеріс халықаралық оқу орындарына жол ашуды көздейді. Жаңашылдықтар жайын білім гранттары жөніндегі сарапшы Жасұлан Бостандықұлы Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында айтты.

Жасұлан Бостандықұлы
Фото: Видеодан алынған скрин

Сарапшы алдымен қолданыстағы ҰБТ механизмін талдады.

– Қолданыстағы жүйе бойынша түлек 5 пәннен тест тапсырады: үшеуі – міндетті (математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы, Қазақстан тарихы), қалған екеуі – таңдаған мамандығына қарай бейінді пәндер. Математикалық және оқу сауаттылығы әрқайсысы 10 тапсырмадан тұрады, Қазақстан тарихынан 20 тапсырма, ал екі бейіндік пәннен 40 тапсырма беріледі. Жалпы балл – 140. Әр пән бойынша бөлек шекті деңгей қойылған: математикалық және оқу сауаттылығы үшін кемінде 3 балл, Қазақстан тарихы үшін кемінде 5 балл, ал әр бейіндік пәннен де кемінде 5 балл жинау керек, – деді Жасұлан Бостандықұлы.

Сарапшы түлектерге берілетін мүмкіндіктің бірі – тестті бірнеше рет тапсыру құқығы екенін атап өтті.

– Қазір ҰБТ-ны 5 рет тапсыруға мүмкіндік бар. Түлек алған сертификатымен әрі грант конкурсына, әрі ақылы бөлімге құжат өткізе алады. Бірақ ол үшін жалпы жинаған балы базалық шектен төмен болмауы тиіс, – дейді маман.

Алайда алдағы жылдары бұл механизм жаңа бағытта дамиды. Сарапшы мұны әлемдегі технологиялық өзгерістермен байланыстырды.

– Жасанды интеллект дамып жатыр. Сондықтан уақыт талабына сай ҰБТ да трансформацияланады. Ғылым және жоғары білім министрінің АҚШ-қа сапары аясында Вашингтонда ETS деп аталатын дүниежүзіндегі ең мықты тест жасайтын компаниямен келісімшартқа қол қойылды. Оның аясында қазақстандық түлектерге болашақта екі таңдау беріледі: дәстүрлі ұлттық тестті тапсыру немесе шетелдік университеттер мен Қазақстандағы шетелдік филиалдар мойындайтын жаңа халықаралық тестіні таңдау, – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, жаңа формат бірден енбейді, алда ауқымды жұмыс бар.

– ETS – әлемдегі ең көне сынақ жүйесі. Арнайы жұмыс тобы құрылып, ETS мамандарының қатысуымен ҰБТ-ның әдістемесі мен мазмұны қайта қаралады. Бұл тест логикалық және сыни ойлау, функционалдық сауаттылық, коммуникация және ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалайтын қосымша компонентті қамтиды. Одан өткен жағдайда Қазақстанда ашылған шетелдік филиалдарға және кез келген шетелдік университетке түсу мүмкін болады, – деді ол.

Сарапшы грант жүйесі туралы да пікір білдірді.

– Елімізде 12-ден астам білім гранттары бар. Бұл – қазіргі ҰБТ-ның жүйесіне негізделген грант саны. Менің ойымша, алдағы уақытта грант саны азаймайды, тек оны бөлу методикасында өзгерістер орын алуы мүмкін, – деді Жасұлан Бостандықұлы.

Айта кетейік, жақында Талғардағы төртінші сыныптың екі оқушысы Малайзиядағы халықаралық мектеп грантын жеңіп алды

Соңғы жаңалықтар