ҰБТ тапсыратын орын жетпей жатқаны рас па

АСТАНА. KAZINFORM – Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мәжілістегі баспасөз мәслихатында ҰБТ тапсыратын орындардың тапшылығы туралы мәліметтерді теріске шығарды.

Қаңтар айында 134 мыңға жуық талапкер ҰБТ тапсырды
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі

- Бірнеше жыл болып қалды, ҰБТ сынақтары жыл сайын бес рет қабылданады. Биылға келсек, алдымызда ҰБТ-ның 3 толқыны қалды. Екі негізгі толқын мен тамыздағы сынақ бар. Тест тапсыру күндерін де, тіркелу күндерін де тарқатып белгіледік. Яғни, әр толқынға жеке-жеке тіркелу керек. Сондықтан бүкіл толқындардың ай-күні алдын ала белгіленген. Тест тапсыратын орындардың саны өзгертілген жоқ. Керісінше бірнеше қалада қосымша орындар қостық, - деді ол.

Айтуынша, ҰБТ-ның қалған үш толқынына тіркелу әлі жүріп жатыр.

- Алматыда Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университет базасында қосымша 200 орын, Ақсай қаласында, Шығыс Қазақстан облысында қосымша орындар қойдық. Сондықтан, алаңдамаңыздар. Орындар жеткілікті болады. Тіркелу әлі жүріп жатыр. Тағы бір тіркелу толқыны бар, бәрі үлгереді. Бұған дейінгі жылдардың тәжірибесі бойынша бәрін есептеп қойғанбыз. Қосымша орын керек болса, қосамыз, - деді министр.

Бұған дейін ҰБТ-ға дайындайтын репетитор қызметі қанша тұратынын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар