ҰБТ тапсырған 233 мың талапкердің 177 мыңы шекті балл жинады
АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылғы негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуге 233 мыңға жуық талапкер қатысып, олардың 177 мыңға жуығы шекті балл жинады, деп хабарлайды Ғылым және жоғары білім министрлігі.
Талапкерлердің 73,1%-ы тестті қазақ тілінде, 26,8%-ы орыс тілінде, ал 383 адам ағылшын тілінде тапсырған.
Талапкерлерге негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең жоғары нәтижемен білім гранты конкурсына қатысу мүмкіндігі берілді. Нәтижесінде 233 мың талапкер тестілеуді жалпы 422 мың рет тапсырған. Былтыр бұл көрсеткіш 210 мың талапкер және 381 мың тестілеуді құраған.
– Тестілеу қорытындысы бойынша 177 мыңға жуық талапкер шекті балл жинады, бұл қатысушылардың жалпы санының 76%-ын құрайды. Бес пән бойынша ҰБТ-ның орташа балы – 69. Ең жоғары 140 балды Павлодар облысының түлегі Әсет Альтаир және Қызылорда облысының түлегі Балхан Альфия (ҚАЗТЕСТ конвертациясы арқылы) жинады. Сондай-ақ 821 талапкер 130 балдан жоғары нәтиже көрсетті, – делінген хабарламада.
Биыл ерекше білім беру қажеттілігі бар 800 талапкерге ҰБТ тапсыру үшін қолайлы жағдай жасалған.
Электронды форматтағы тестілеу барысында талапкерлер апелляцияны онлайн бере алды. Биыл 95 мыңнан астам апелляциялық өтініш қабылданып, олардың ішінде 152 бірегей тест тапсырмасына қатысты өтініш қанағаттандырылған.
– Республикалық комиссия жұмысын аяқтады. Талапкерлердің сертификаттары жеке кабинетте қолжетімді, – деп хабарлады министрлік.
ҰБТ өткізу кезінде 890 ереже бұзушылық тіркелген. Оның ішінде 522 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өтпек болғаны үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тағы 361 адам тестілеу барысында ережені бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, олардың нәтижелері жойылды.
Сонымен қатар бейнежазбаларды тексеру барысында ереже бұзған тағы 7 талапкердің нәтижесі жойылған. Бөгде адамның орнына тест тапсыру фактілері анықталмаған.
Айта кетейік, бүгін грант конкурсына өтініш қабылдау басталды.