Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаны Үкімет пен бизнес бірлесіп атқарғанда ғана тиімділігі арта түседі - Елбасы Н. Назарбаев
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биылғы жылы бизнеспен бірлесіп атқаратын шаралар жеткілікті болмақ. Менің тапсырмам бойынша әзірленген индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының барлық жоспарлары бизнестің қатысуымен жүзеге асады. Бұл бағытта арнайы қаражаттар қарастырылған. Ендеше, бизнес те мұндай қомақты қаржы игеруге атсалысуы тиіс. Бағдарламаға қатыса отырып, бизнес мемлекетке ғана көмектесіп қоймайды, халыққа да пайдасын тигізеді, өздерінің де жағдайын жақсартады. Сондықтан да бүгінгі күні бизнеске мемлекет тарапынан қандай қолдаулар болмақ, оларға не кедергі деген мәселені ашық, әрі ауқымды талқылаймыз», деді Н. Назарбаев.
Сонымен бірге Президент Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаның ең алдымен Үкімет пен бизнес бірлесе атқарғанда ғана тиімді жүзеге асатынын атап өтті.
«Біздің ірі компаниялар өздерінің айналасында сервисті басқа да қызметтерді қамтамасыз ететін іскерлік бөліктерді қалыптастыруы шарт. Сонымен бірге қазақстандық қамтуға да баса назар аударған маңызды. Сондықтан да бүгінгі ашық әңгімеде менің Жолдауымда қамтылған шараларды бизнеспен бірге талқылаймыз», деді Н. Назарбаев.
Кеңес барысында Үкімет басшысының баяндамасы тыңдалады, сондай-ақ Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына қатысты Индустрия және сауда министрі Әсет Исекешев баяндама жасайды.