Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының шеңберінде Петропавлда 5 инвестициялық жоба жүзеге асатын болады
ПЕТРОПАВЛ. Шілденің 23-і. ҚазАқпарат /Сергей Кузнецов/ - 2010-2020 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында Петропавлда 5 инвестициялық жоба жүзеге асатын болады.
Олардың қатарында машина құрылысы саласындағы үш жоба, агроөнеркәсіптік кешен мен ауыл шаруашылығы саласында бір жоба және құрылыс индустриясы мен құрылыс материалдарын шығаруда бір жоба бар.
«ЗИКСТО» АҚ-да перспективалық және арнайы теміржол платформасын жасап шығару және оны пайдалануға беру жобасы іске асып жатыр. Жобаның жалпы құны 108 млн. 400 мың теңге. Ішкі нарыққа шығару үшін 300 арнайы платформа дайындап шығару жоспарланып отыр. Қазіргі таңда сертификациялық сынақтан өту үшін Санкт-Петербор қаласына жіберілген тәжірибелік үлгі дайындалды.
Жалпы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында бес жыл ішінде 27,4 миллиард теңгенің 13 инвестициялық жобасын жүзеге асыру көзделген.