УЕФА Чемпиондар лигасы: Бірнеше команда плей-офф кезеңіне шықты
Алғашқы күннің басты ойыны Испанияда А тобының «Реал Мадрид» және «ПСЖ» арасындағы кездесуі болды. Мадридтіктер Париждегі ойында 3:0 есебімен ойсырай жеңілгендіктен, бүгін сол кеткен есесін қайтарып, психологиялық жағынан бекіп алмақ болғаны байқалды. Кәрім Бенземаның 17, 79-минуттарда соққан қос голынан кейін шынымен есе қайтаратындай-ақ көрініп еді. Бірақ испандар қолда тұрған жеңісін ұстап қала алған жоқ. Екі минутта екі гол соққан қонақтар есепті теңестіріп, ойын 2:2 есебімен аяқталды.
А тобының бұған дейін өткен ойынында Ыстанбұлдың «Галатасарайы» Брюссельдің «Брюггесімен» тең ойнаған болатын. Сондықтан топтық кезең аяқталарға 1 тур қалғанда, «ПСЖ» 13, «Реал Мадрид» 8 ұпаймен келесі айналымға жолдама алды. «Брюгге» 3 ұпаймен үшінші орында келеді, ал түріктер 2 ұпаймен соңғы орында қалып отыр.
В тобында «Бавария» «Црвена Звездаға» жауапсыз 6 гол соқты. Мюнхен ұжымы өткен турда-ақ келесі айналымға шыққан. Қазір олар 15 ұпаймен бірінші орынға нық жайғасты. Ал кеше ғана бапкерін алмастырған Лондонның «Тоттенхэмі» өз алаңында «Олимпиакосты» қабылдап, 4:2 есебімен жеңіске жетті. Жозе Моуриньо шәкірттері 10 ұпаймен келесі айналымға жолдама алды. «Црвена Звездада» 3, «Олимпиакоста» 1 ұпай бар.
С тобында «Манчестер Сити» өз алаңында Донецкінің «Шахтерін» қабылдап, 1:1 есебінде тең ойнады. «Динамо Загреб» «Аталантадан» жеңілгендіктен, 11 ұпаймен «Сити» келесі айналымға жолдама алды. «Шахтерда» 6, «Динамода» 5, «Аталантада» 4 ұпай бар. Соңғы турда осы үш команда келесі айналымға шығу үшін қиян-кескі күрес жүргізсе таңғалмас едік.
D тобында «Ювентус» келесі айналымға шығу мәселесін өткен турда оңды шешкен болатын. Маурицио Сарри шәкірттері өз алаңында «Атлетико Мадридті» 1:0 есебінде жеңіп, ұпайы санын 13-ке жеткізді. Мадрид командасында қазір 7 ұпай бар. Мәскеуде «Локомотивті» 0:2 есебімен жеңген Леверкузеннің «Байері» 6 ұпаймен мадридтіктерді өкшелеп келеді. «Локо» 3 ұпаймен соңғы орында қалып қойды.
Айта кетейік, 5-турдың қалған 8 ойыны бүгін өтеді.