Уэльс жағалауынан теңізде шамамен 200 жыл жатқан жүздеген аяқ киім табылды

АСТАНА. KAZINFORM — Уэльстің оңтүстігінде экологтар ерекше олжаға кезікті. Жағажайлардың біріне XIX ғасырға жататын шамамен 400 былғары етік шығып қалған. Аяқ киімді жағалауды тазалау барысында Beach Academy экологиялық бастамасының белсенділері тапқан. Мамандардың бағалауынша, етіктер теңізде шамамен 200 жылға жуық жатқан болуы мүмкін.

Уэльс жағалауынан теңізде шамамен 200 жыл жатқан жүздеген аяқ киім табылды
Фото: BILD

Экологтар бұл олжаны викториан дәуіріндегі «Фролик» жүк кемесінің апатымен байланыстырады.

— Ең ықтимал нұсқа бойынша, етіктер мұнда шамамен 200 жыл бұрын Таскер-Рок жартасына отырып қалған «Фролик» кемесінен келген. Кеме Италиядан аяқ киім мен өзге де жүктерді тасымалдаған. Мұндай олжалар ара-тұра кездесіп тұрады, — деп мәлімдеді Beach Academy бастамасының негізін қалаушы Эмма Лэмпорт британдық The Mirror газетіне.

1831 жылғы 17 наурызда «Фролик» Хаверфордуэстен Бристольге бет алған рейс кезінде Таскер-Рок жартасының маңында апатқа ұшыраған. Сол кезеңдегі жазбаларға сәйкес, апат салдарынан шамамен 80 адам қаза тапқан. Жартаc Әулие Георгий бұғазында, Уэльстің оңтүстік жағалауында орналасқан және су бетінде дерлік көрінбейді.

Кеме апаттарының көптігіне байланысты Таскер-Рок «кемелер зираты» деген лақап атқа ие болған. Мұнда ғасырлар бойы желкенді кемелер мен жүк кемелері апатқа ұшыраған, ал олардың көпшілігінің қалдықтары әлі күнге дейін теңіз түбінде жатыр. 

Соңғы жаңалықтар