Угандада Торо королі IV Ойо Рукиди 34 жасында қайтыс болды
АСТАНА. KAZINFORM – Уганда аумағындағы Торо дәстүрлі корольдігінің королі IV Ойо Ньимба Кабамба Игуру Рукиди 34 жасында қайтыс болды. Ол 1995 жылы небәрі үш жасында таққа отырған, деп хабарлайды ТАСС.
Монархтың қайтыс болғаны туралы Торо корольдігінің премьер-министрі Калвин Армстронг Рвомиире Акиики хабарлады. Оның айтуынша, король жергілікті уақытпен сағат 22:00 шамасында көз жұмған. Өлімінің себебі ресми түрде жарияланған жоқ. Бұған дейін IV Рукидидің АҚШ-та ем қабылдап жатқаны хабарланған еді.
IV Ойо Ньимба Кабамба Игуру Рукиди 1992 жылғы 16 сәуірде дүниеге келген. Әкесі III Патрик Дэвид Мэттью Кабойо Олими қайтыс болғаннан кейін тақ мұрагері атанып, 1995 жылғы 12 қыркүйекте король болды. Ол кезде небәрі үш жаста болғандықтан, әлемдегі ең жас билеуші монарх ретінде танылды.
Ол кәмелетке толғанға дейін корольдіктің істерін корольдік отбасы өкілдері кірген регенттік кеңес басқарды. 2010 жылы 18 жасқа толғаннан кейін IV Рукиди монарх міндеттерін өз бетінше атқара бастады.
Еске сала кетсек, бұған дейін 28 тамызда 1991 жылдан бері тақта отырған Норвегия Королі Харальд V 89 жасында қайтыс болғаны хабарланған еді. Осыған байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әкесінің қайтыс болуына байланысты Норвегияның жаңа Королі VIII Хоконға көңіл айты.