Уимблдон: қазақстандық жасөспірімдер жұптық сында келесі айналымға шықты
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандықтар Әмір Омарханов, Асылжан Арыстанбекова мен Соня Жиенбаева жұптық сында жасөспірімдер арасында Уимблдон турнирінің 1/8 финалына шықты.

Әмір Омарханов ресейлік Тимофей Дерепаскомен бірге бастапқы кездесуін бразилиялық Энцо Кольманн Де Фрейтас – германиялық Том Сикенбергермен өткізді.
Бірінші партияда бразилиялық-германиялық дуэт тай-брейкте басымдылық танытты – 7:6 (7:5). Дегенмен Омарханов пен Дерепаско камбэк жасай алды – 6:4, 10:8. Тартысты матч 1 сағат 35 минутқа созылды.
Әмір Омарханов – Тимофей Дерепаско ширек финалға шығу үшін жарыстың 3-ракеткалары, америкалықтар Кайлан Биган – Джаггер Личпен таласады.
Ә.Омарханов пен Т.Дерепаско биыл сенсация жасап, Ролан Гарростың жартылай финалына дейін жеткен еді.
Қыздар арасында Асылжан Арыстанбекова – Соня Жиенбаева жұбы Уимблдонның алғашқы айналымында америкалық Кристаша МакНил – словакиялық Миа Поханкованың мысын басты – 7:6 (7:5), 7:6 (7:3). Бұл кездесу 1 сағат 37 минутта бітті.
Қазақстандық жұптың 1/8 финалдағы қарсыластары кейін анықталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Уимблдонда Әмір Омархановтың жасөспірімдер арасында 1/8 финалға жолдама алғанын жазған едік.
Сондай-ақ Елена Рыбакина жартылай финалға шықты.
Соня Жиенбаева жасөспірімдер арасында үшінші айналымға өтті.