Уистлердегі олимпиадалық деревняда Қазақстанның жалауы көтерілді
СТАНА. Ақпанның 10-ы. ҚазАқпарат - Уистлер қаласындағы олимпиадалық деревняда Қазақстан жалауы көтерілді.
Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, жалау көтеру рәсімі өте жоғары деңгейде өтті, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігінен.
Салтанатты шараға Спорт комитетінің төрағасы Анатөлі Құлназаров бастаған барлық спорттық делегация қатысты. Канада-2010 Олимпиадасының ұйымдастыру комитетінің басшысы Наталия Ламберт ханым, Уистлерде «қазақстандық делегацияның формасы дизайн жағынан Олимпиадалық деревнядағы үздік» екенін атап көрсетті.
А.Құлназаров өз кезегінде, Н.Ламберт ханымға қонақжайлық ілтипатына алғыс ретінде «Алтын адам» мүсінін табыс етті.
Спорт комитетінің төрағасы телефонмен хабарлағандай, Уистлерде ауа райы - нөлден жоғары. Бірақ, биатлон, шаңғы және трамплиннен секіру жарыстары өтетін тауда қар жеткілікті және минустық температура сақталуда. Ол сондай-ақ, қазақстандық спортшылардың допинг-тексеруден сәтті өткендерін және ауа райына үйреніп болғанын хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, Олимпиада ойындарының ресми ашылу рәсімі ақпанның 12-сінде Би-Си-Плейс стадионында өтеді. Салтанатты шараға қатысатын Қазақстанның спорттық делегациясы 40 адамнан тұрады.