Үкілі үмітіміз Головкинді асыра мақтап болашағына балта шаппай, сақтай білейік
Кәсіпқой рингте Головкин орта салмақ санатында (72 келіге дейін) алғаш рет 2006 жылы сынға түсті. Бірінші 8 жекпе-жекті уақытынан бұрын жеңді.
2007 жылдың қыркүйегінде ол француздық Мехди Боудламен(11-1) кездесіп, 8 раундта ұпай санымен басым түсті.
2008 жылы сәуірде Иан Гарднерді (20-3) ұпай санымен ұтты.
2008 жылдың қарашасында - кезекті жеңіс: 2-раундта беларусь Малик Дзиарр (29-3) кездесуді жалғастырудан бас тартты.
2009 жылдың 11 шілдесінде бірінші рет шаршы алаңға 12 раундтық жекпе-жекке шықты. WBO-ның интерконтинентальдық чемпион атағы үшін өткен кездесудің екінші раундында бразилиялық Джон Андерсон Карвальоны нокаутпен жеңді.
Одан соң бұған дейін бірде бір рет жеңіліп көрмеген Михаил Макаровты (10-0) сұлатып салды.
2010 жылдың тамызында WBA нұсқасы бойынша 72 келі салмақ дәрежесінде уақытша әлем чемпионы атағы үшін колумбиялық Милтон Нуньеспен (21-1-1) жұдырықтасты. Головкин қарсыласын бірінші раундта-ақ нокаутқа жіберді.
Келесі кездесуін Головкин WBA нұсқасы бойынша әлемнің тұрақты чемпионы атану үшін панамалық Нельсон Хулио Тапиамен шаршы алаңда кездесті. Қарсыласын ол үшінші раундта ұтты.
2011 жылы Головкин өз титулын екі рет қорғап, Кассим Оум мен Лахуан Саймонды айқын басымдықпен ұтты. Саймонмен өткен кездесуде Головкин IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағын жеңіп алды.
2012 жылы титулды үшінші рет қорғауда Головкин жапондық Макотто Фучигамиді есінен тандырды.
2012 жылдың 1 қыркүйегінде HBO америкалық телеарнасында Геннадийдің дебюті өтті. Головкин рингке жас поляк Гжегож Проксамен шықты. Бірінші раундта-ақ ол полякты сұлатты.
2013 жылдың 19 қаңтарында Madison Square Garden аренасында Головкин ерікті түрде титулды қорғауға шыққан тегі пуэрторикандық АҚШ боксшысы Габриэль Росадомен жұдырықтасты. Геннадий оны техникалық нокаутпен ұтты.
2013 жылдың 30 наурызында Монакода Геннадий Головкин жапон боксшысы Нобухиро Исидомен кездесті. Головкин Исидоны нокаутқа түсіріп, оны кәсіпқой бокстағы алғашқы жеңілісіне ұшыратты.
2013 жылдың 29 маусымында АҚШ-та Г.Головкин белгілі британиялық боксшы Мэттью Макклинмен рингте кездесті. Бұл жекпе-жек те қазақстандықтың айқын басымдығымен аяқталды.
2013 жылдың 2 қарашасында Геннадий АҚШ-та жергілікті боксшы Кёртис Стивенспен жұдырықтасты. Шиеленіске толы жекпе-жектің 8-ші раундында Кертис Головкиннің бірнеше соққыларынан кейін есеңгіреп қалды, жаттықтырушысы оның 9-раундқа шығуына жол бермеді.
2013 жылдың қорытындысы бойынша Головкин салмақ санатына қарамастан жылдың үздік боксшысы деп танылды.
2014 жылдың 1 ақпанында Головкин Монте-Карлода ганалық Осуман Адамамен кездесті. 31 жастағы Головкин өзінің 33 жастағы қарсыласын рингтің бірінші, алтыншы және жетінші раундтарында есеңгіретті. Соңғысында төреші кездесуді тоқтату туралы шешім қабылдады.
2014 жылдың маусымында Головкин WBA супер чемпионы болып танылды.
2014 жылы 26 шілдеде Головкин Австралияның танымал боксшысы, бұрынғы әлем чемпионы Дэниэл Гилмен жекпе-жекке шықты. Бұл кездесу Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында өтті. Үшінші раундта Головкин кезекті жеңісіне жетті.
2014 жылдың 19 қазанында Геннадий Головкин танымал мексикалық боксшы, WBC нұсқасы бойынша уақытша әлем чемпионы Марко Антонио Рубиомен жұдырықтасты. Головкин оны екінші раундта сұлатып салды.
2015 жылы да жеңісті жолдар жалғасты.
Атап айтқанда, Геннадий Головкиннің британдық қарсыласы 23 ақпанда Мартин Мюрреймен Монакодағы кездесуі жеңіспен аяқталды.
17 мамырда америкалық кіші Вилли Монроны VI алтыншы раундта нокаутқа жіберіп, орта салмақта суперчемпиондық атағын қорғап қалды. Осы жеңісімен қазақстандық боксшы нокауттар саны бойынша Майк Тайсонның рекордын жаңартты. Барша халық қазақтың сайыпқыран боксшысы деп мақтан тұтатын Генаның жеңістері міне, осындай. Әрине, бас айналарлықтай көрсеткіштер. Қалай айтсаңыз да, қандай теңеу қоссаңыз да жарасар. Ал теңеу жағынан келгенде, мақтау жағынан келгенде бізге жетер кім бар. Айды аспанға бір-ақ шығарамыз және тоқтауымыз да қиын. Мұның көлеңкелі жағынан да біз ешкімге дес бермейміз. Яғни, бір рет сүрінсе, жерден алып жерге саламыз. Қолдаудың, демеп жіберудің орнына жан-жақтан бөрідей талап, кінә артамыз. Тоқетері, сөндіреміз.
Осы арада Головкин еріксіз ойға оралады. Көңілге қазіргі уақытта біз артықтау кетіп жатқан жоқпыз ба, асыра сілтеп жатқан жоқпыз да дегендей аздап алаңдаушылықтың кіретіні бар. Өйткені, әріптестерімнің әлемнің түкпір-түкпіріндегі кәсіби бокстың шырқау шыңына шыққан сайыпқырандармен сұхбаттары тым жиілеп кетті. Бәрі де Головкинді мақтайды, мақтағанда қандай. Басқасын былай қойғанда Тайсоннан асырып жіберді. Қазіргі қарқынға қарағанда бүгін не ертең Мұхаммед Әлимен де иық теңестіргендігі жайлы естіп қалуымыз ғажап емес. Өйткені, біз осындаймыз. Тіпті, Головкиннің де ет пен теріден жаралған пенде екендігін ұмытып кеткендейміз. Оның сансыз жаттығулардың, қаншама төккен тердің арқасында аса биік белестерді бағындырғанын естен шығарған сыңайлымыз. Ендеше, оған жан-жақта оның сүрінуін тілеп отырған теріс пиғылдылардың аз еместігін, тұлпардың бағы бабы келіскенде ғана жанатындығын неге бірауық ескертпеске.
Өткен кезеңдерде қай ғасырда болмасын өнерде де, спортта да әлем жұртшылығын таңдай қақтырған талай дарынды ұл-қыздарымыздың еліміздің абыройын асырғанына тарих куә. Сондай жарқырап шыққан жұлдыздарымыздың мезгілінен ерте сөнгендігі, өзекті өртер өкінішке ұрындырғаны да ащы шындық. Осыны неге қаперге алмаймыз? Мұндай жағдайға ұшырауға қошеметшілдігіміз, қаттырақ айтсақ даңғойлығымыз бен тойшылдығымыздың да кесірі тиіп жатқан жоқ па екен? Өйткені, біртуар дара тұлғаларымызды кездесуден кездесуге, одан қала берді бедел салып қонаққа шақырамыз. Біле тұра күндіз-түні тынымсыз жаттығуына бөгет жасаймыз. Өкініштісі, бұл қазір де жалғасып жатыр.
Демек, жасындай жарқылдаған, барша халықтың арасында қазақтың сүйікті ұлы атанып кеткен Генаның алар асуларының әлі алда екендігін, оның тек, ащы терді аямай төккенде ғана, қажыр-қайратты біліктілікпен ұштастырғанда ғана бағынатындығын жанашырлықпен үнемі ескертіп отырсақ деймін.
Яғни, үкілі үмітіміз әрі мақтанышымызға сырттай тілеулес қана емес, іштей қамқоршы болалық. Қазақстанды әлемге танытқан Головкинді тым асыра мақтап, болашағына балта шаппай, сақтай білейік, ағайын.
Ерлан Қожакелдиев