Үкімет 2011 жылы ел экономикасын дамытуға жеке бизнесті жұмылдыру жұмыстарын жандандырады-Премьер-Министр
АНА. 18 қараша. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Қазақстан Үкіметі 2011 жылы ел экономикасын дамытуға жеке бизнесті жұмылдыру жұмыстарын жандандырады. Бұл туралы бүгін Астанада жұмысын бастаған «Эксперт-100 - Қазақстан» II экономикалық форумында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мәлім етті.
«Біз 2010 жылдың аяғындағы үрдісті жақсы түсініп отырмыз және 2011 жылы қай бағытта жылжитындығымыз айқындалды. Қазақстан үшін алдағы жылы еліміздің экономикасының дамуында жеке бизнестің белсенді түрде қатысуы мәселесі айтарлықтай маңызды»,-деп атап өтті Үкімет басшысы.
Премьер-Министр 2009 жылы және 2010 жылдың бірінші жартысында мемлекеттің, яғни Үкіметтің рөлі мен атқарған жұмыстары өте маңызды болғанын айта келе: "Дағдарысты еңсеруде елеулі көлемде мемлекеттік ресурстар жұмылдырылды. Енді бүгінгі күні жеке бизнес жасалған жағдайды пайдалана отырып, белсенділік танытуы тиіс", - деді.
Мұнымен қоса К. Мәсімов: "Биылғы 10 айда Қазақстанның экономикалық дамуы айтарлықтай көңіл көншітеді. Ішкі жалпы өнімнің өсімі 7 пайыздан асып отыр. Ал өнеркәсіп өндірісінің өсімі 10 пайызды құрады"-, деді.