Үкімет 2012-2014 жылдарға арналған Жаңаөзен қаласында кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі арнайы жобаны бекіту туралы қаулы жобасын мақұлдады.
Бүгін Үкімет отырысында аталған құжатты ҚР Экономикалық даму және сауда вице-министрі Марат Құсайынов таныстырды.
Оның айтуынша, құжат бірнеше шараны қамтиды. Атап айтқанда, біріншеден, тәртіпсіздіктер кезінде зардап шеккен кәсіпкерлерге айналым қаражатын толықтыру үшін 0,1 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беру қарастырылады. «Даму» қоры сәйкес келісімдерді рәсімдеуге кірісіп те кеткен. Екіншіден, кәсіпкерлікті енді бастаушыларға және бұрыннан айналысып жүргендерге олардың қызмет саласына қарамастан қаржылық қолдау көрсетіледі.
«Қала кәсіпкерлерін «Даму» қорының қаражатын екінші деңгейлі банктерге шартпен орналастыру тетігі арқылы, банк несиелері бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау жолымен қолжетімді қаржымен қамтамасыз ету қарастырылады. Сонымен қатар бизнесті несиелеу және шағын несиелер беру болжануда», - деді ол.
Оның атап өтуінше, шағын және орта бизнес жобаларына қажетті өндірістік инфрақұрылым жүргізілетін болады. Сондай-ақ қаладағы шағын және орта бизнесті дамыту бойынша «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясымен әріптестік бағдарламасын жүзеге асыру қарастырылады.
«Үшінші, бұл - кәсіпкерлікті енді бастаушыларға және бұрыннан айналысып жүргендерге сервистік қолдау көрсету. Осы мақсатта қалада «бір терезе» қағидаты бойынша бизнеске консультациялық қызмет көрсетуді оқыту үшін Кәсіпкерлікті дамыту орталығы ашылды», - деді М.Құсайынов.