Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Үкімет 2013-2015 жылдарға арналған суға тарифтерді белгілеудің жаңа тетіктерін енгізу бойынша Кешенді жоспарды мақұлдады

АСТАНА. 25 желтоқсан. ҚазАқпарат -  Бүгін Үкімет отырысында «Қазақстан Республикасында 2013-2015 жылдарға арналған суға тарифтерді белгілеудің жаңа механизмдерін енгізу бойынша кешенді жоспар жобасы» мақұлданды.

Үкімет 2013-2015 жылдарға арналған суға тарифтерді белгілеудің жаңа тетіктерін енгізу бойынша Кешенді жоспарды мақұлдады

Аталған құжат тұрғысында ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Ерболат Досаев баяндама жасады.

«Бүгінгі таңда сумен жабдықтау және су бұру саласында су арналарының инвестицияларды қаржыландыруға өзіндік көздерінің төмен деңгейі, сәйкесінше активтердің тозуының жоғары деңгейі, сондай-ақ желілердегі су шығындарының артуы, сумен жабдықтау және су бұру қызметтерінің төмен сапасы байқалады»,-деді министр.

Осыған байланысты нысандарды жаңғырту, жөндеу жүргізу және осы салаға инвестициялар көлемін арттыру мақсатында тиісті ведемстволар аталған Жоспардың жобасын әзірледі.

«Тарифтерді белгілеудің жаңа тетіктерін қолдана отырып, шекті тарифтерді бекіту 2013 жылдан басталатынын атап өткен жөн. Кешенді жоспарда министрліктің Табиғи монополиялар реттеу агенттігімен және Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері агенттігімен бірлесіп, су арналары қызметтеріне тарифтерді белгілеудің жаңа жолдарын әзірлеу бойынша жұмыстарды жалғастырып,  оның нәтижелерін алдағы жылдың мамырында Үкіметке таныстыру қарастырылып отыр»,-деді Е. Досаев.

Оның айтуынша, кешенді жоспарды жүзеге асыру су арналарының шекті тарифтерге өтуін қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде  су арналарында инвестицияларды ұлғайтып, желілерді жөндеу мен жаңартуға мүмкіндік береді, тарифтердің тұрақтылығы мен болжамдылығын қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, су арналарының тарифіндегі пайданы 30 пайызға дейін жоғарылату көзделген (қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 10 пайызды құрайды). Бұл шара су жабдықтау және су бұру саласына инвестицияның қосымша көздерін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар су арналарының әкімшілік және өндірістік персоналының еңбек төлемінің қорын ұлғайту жоспарланып отыр.