Үкімет 2020-Стратегиясы бойынша дамудың басты бағдарын айқындады

қпанның 12-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Сонымен былтырғы жылдың атқарылған шараларын министрліктерде қорытындылаған алқалы жиындардан соң Үкімет өткенді тағы бір шолып, бүгінгі һәм келешектегі жоспарларды пысықтаудан өткізді. Осыдан бір жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда бүгінгі Министрлер кабинетінің ұстанымы да салмақты, алдағы бағдары да анық айқындалған, қажет болса шапшаң қимылдауға, серпінді шараларды қамтуға дайын

Үкімет 2020-Стратегиясы бойынша дамудың басты бағдарын айқындады

екендігін байқатады. Рас, осыдан дәл бір жыл бұрынғы бұлыңғыр болжамдар да, сол кездегі биліктің мойнына түскен хал де басқаша болатын. Әуелі банктік-қаржылық сектордың құрдымға кету қаупі білінді. Кейіннен жұмыссыздықты ауыздықтай алмай қаламыз ба деген үлкен үрей болды. Аграрлық саладан бастап, құрылыс секторына, оның ішінде үлескерлердің проблемаларына дейін Үкіметтің қолдауына тура келді. Әлеуметтің жағдайы да назардан тыс қалмады, дағдарыс кезеңінде де мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы төлемдері өсті. Үкі­мет­тің, Ұлттық банк­тің және Қар­жы қадағалау агенттігінің дағ­дарыспен күрес жөніндегі шаралары­ның, өңірлерді қамти отырып «Жол картасын» іске асырудың нә­тижесінде жағдай қалыпты деңгейге түсті. Мәселен, алдын ала бағалау бойынша 2009 жыл­ғы ішкі жалпы өнімнің нақты өсімі 1,1 пайызды құрады. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің бағалауынша, дағдарысқа қарсы шаралар ел экономика­сының өсіміне қосымша серпінділікті қамтамасыз еткен. Жыл қорытындысы бой­ын­ша өнеркәсіпте оң нәтиже­лер­ге қол жетіп, бұндағы өсім 1,7 пайызға ұлғайды. Аграрлық салаға келетін болсақ, былтырғы мол астық ауыл шаруашылығы жалпы өнімі­нің өсім көлемін 13,8 пайызға арттырды. Соның ішінде егіншілік сала­сының өнім көлемі 23,1 пайызға ұлғайды. Экономиканың жандануына негізгі капиталға құйылған ин­вестициялар кө­лемі­нің 2,1 пайызға артуы да жағымды ық­пал етті.

Ендігі мақсат былтырғы дағдарыстың шегіне жеткен кезеңде негізі қаланған экономикалық дамудың ырғағын арттыра түсу болып отыр. Әрине, «дағдарыстың ақырғы лебі артта қалды» делінген сараптамаларға қарамастан, дамуға қатысты болжамдар тым бұлыңғырлау шығып отырғаны белгілі. Бірақ биылғы болжаудың жағымды тұсы басымырақ. Мәселен, экономикалық зерттеулермен айналысатын беделді халықаралық ұйымдардың басым бөлігі былтырғыға қарағанда биыл әлемдік өсімнің болатынын, ондай өсімнің әсіресе Азия экономикасынан, сондай-ақ дамушы мемлекеттерден күтілетінін айтады. БҰҰ сарапшыларының өзі 2009 жылы 6,7 пайызға құлдыраған ТМД экономикасының өсімі 2010 жылы 1,7 пайызға артады деп болжайды.

Осылайша, сарапшылардың көпшілігі ағымдағы жылдан жақсы көрсеткіштер күтеді. Әйткенімен, қайсібір бағыттағы жанданулар болып, кейбір салалардың бойына «қан жүгіргенімен» бұрынғы қауіп деңгейі әлі сақталып қалатыны айқын. Тіпті, кейбір мәртебелі сарапшылардың, сәуегейлердің сөзіне сенсек, қазіргідей бүткіл әлемдік экономика жүйесін тәлтіректетіп жіберетін қауіптің бұлтын сейілту еш мүмкін емес, ол үшін ғаламдық жүйенің өзі түбегейлі өзгерістерге ұласуы қажет.

Қалай дегенмен, Қазақстанда да қиындықтар кезеңі артта қалып бара жатқанымен, сыртқы және ішкі макроэкономикалық тәуекелдер сақталып қалады. Сондықтан да, Үкіметтің ағымдағы жылғы күш-жігері макроэкономикалық тұрақты­лықты қолдауға және дағдарыстан кейінгі дамуға қолайлы жағдайлар туғызуға бағытталатын болады. Бұл жөнінде ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов : «Соңғы екі жыл бойы әлемдік дағдарыс шеңберінде Үкімет жүргізген қолмен бас­қару саясаты экономикада күшті теңгерімсіздіктерге жол бермей, белгілі оң нәти­же­лерді көрсетті. Алайда біз дағдарыстан кейінгі кезеңде, нарықтық басқару қағидаттарын қалпына келтіру мен дамытуға, екінші жағынан экономиканың тең және сапалы дамуын қамтамасыз етуге баса назар аударылған жаңа жүйелі және құрылымдық реформаларға көшуіміз керек» , - деген болатын.

Сондай-ақ, осы аптадағы Үкімет отырысында Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы Жол­дауын жүзеге асырудың жалпыұлттық іс-шаралар жоспары қаралып бекітілді. Жалпыұлттық жоспар жиырма бір іс-шараны қамтып отыр. Бұны орындауға республиканың барлық өңірлері тегіс тартылып, соған сәйкес маусымның 1-іне дейін аумақтық даму бағдарламалары әзірленетін болады. Бұнымен қоса, Жолдауда жүктелген арнайы экономикалық аймақтар туралы жаңа заң жобасы, 2020 жылға дейінгі елдің ғылыми-техникалық дамуы­ның салааралық жоспары дайындалмақ. «Бағдарлама Қазақстанның 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарына сәйкес келуі тиіс және оның шешуші бағыттарын іске асыруға бағытталуы керек. Бұдан басқа, бизнес ортаны сапалы жақсарту үшін жағдайлар жасау тағы бір басым бағыт болып табылады. Осы мақсатта бизнеске әкімшілік қысым жасауды азайтуға бағытталған заңнаманы жетілдіруді қарастырып отырмыз», деді министр Б. Сұлтанов. Жолдауда қамтылған міндеттерге сай, оның ішінде бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жалақысын сәуір айынан бастап арттыру мәселелері қамтыла отырып бюджетке өзгерістер мен түзетулер енгізіледі. Ұлттық қорды қалыптастыру мен пайдаланудың жаңа тұжырымдамасының жобасы әзірленеді. Бір сөзбен айтқанда, жалпыұлттық жоспар мемлекеттік органдардың жұмыстары негізінде және Мемлекет басшысының 2010 жылғы Жолдауының барлық аспектілері ескеріле отырып жасалған.

Тоқтала кететін тағы бір жайт, кәсіпкерлікті, ең алдымен шағын және орта бизнесті дамыту Үкіметтің 2010 жылғы қызметіндегі басымды бағыттарының бірі болып қала береді. Бұл орайда Үкімет үдемелі индустрияландыруды қолдау үшін төрт бюджеттік бағдарламаны әзірлеуге кірісіп отыр. Бұлар: өңірлердегі кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Бизнестің жол картасы-2020», шикізаттық емес экспортты ынталандыруға арнаған «Экспортшы-2020», ірі инвесторларды тартуға арналған «Инвестор-2020», сондай-ақ экономиканың өнімділігін арттыруға және технологиялық жаңғыруға арналған «Өнімділік-2020» бағдарламалары. Аталған бағдарламалардың барлығы онжылдық мерзімді қамтып жүзеге асырылады.

Жоспарға сәйкес, ағымдағы жылы мемлекет пен жекеменшік серіктестігін дамыту тұжырымдамасы және оны жүзеге асыру жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған жоспар бекітілетін болады. Ол қабылданысымен өңірлік деңгейдегі жобаларды жүзеге асыру кезінде мемлекет пен жекеменшік серіктестігі құралдарын ілгерілету тәсілдері, мемлекеттік қолдау шаралары жүйелендіріледі. Бұдан бөлек қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгертулерді енгізу арқылы арнайы жобалық ұйымдарды құру үшін жобалық қаржыландыру қағидатын енгізу көзделіп отыр.

Әрине, мұндай кешенді жұмыстар тиімді бақылауды қажет етері сөзсіз. Сондықтан да бұл үдерісті үнемі назарда ұстап, жағдайға қанығып отыру үшін Қазақстанда Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бойынша республикалық біртұтас басқару орталығы құрылатын болады. Оны Үкімет басшысының өзі басқармақ. Бұған қоса инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысын бақылау жөніндегі өңірлік басқарушы орталықтар құрылады. Барынша маңызды ірі жобалар бойынша арнайы жобалық топтар өмірге келеді. Оларды министрліктердің, мемлекеттік холдингтердің және ұлттық компаниялардың басшылары басқарады. Республикалық басқару орталығының отырысын айына бір мәрте өткізу жоспарланып отыр. Онда тиісті жауапты органдар және ұлттық компаниялар басшыларының есептері тыңдалатын, сондай-ақ жобалардың нәтижелері туралы ақпараттар ұсынылатын болады. Республикалық басқару орталығының 2010 жылғы маңызды міндеті - ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында жоспарланған жобалардың іске қосылуын, екінші міндеті - жыл соңына дейін жоспарланған жобалардың іске қосылуын қамтамасыз ету. Ал үшінші міндеті - 2010 жылға жоспарланған жаңа жобалардың құрылысын бастау. Әрбір жобаға нақты мониторинг жасау үшін тәуелсіз сарапшыларды және бизнес қоғамдастықты тарту жоспарланып отыр.