Үкімет 2020 жылға дейін ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жоспарын бекітті

АСТАНА. 19 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласы өнеркәсіп өндірісіндегі республикалық көлемнің небәрі 5 пайызын, ал өңдеу өнеркәсібінің 16 пайызын құрап отыр. Ал тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі саласында жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың саны 1370-ке жетсе, олардың шамамен 60-ы ірі мекемелер. Міне осы кәсіпорындар өндіретін азық-түлік өнімдері өндірісінің құрылымындағы негізгі үлес астықты қайта өңдеу, сүт, нан және нан-тоқаш, етті қайта өңдеу, жеміс-көкөніс салаларына тиесілі.

Үкімет 2020 жылға дейін ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жоспарын бекітті

Жалпы, өткен жылы ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнеркәсібінің өнімін қайта өңдеу өндірісінің көлемі 930 млрд. теңгені не болмаса 5,5 млрд. АҚШ долларын құрады. Бұл ретте 3 млрд. доллардың өнімі елімізге импортталса, экспортқа шығарылған тауардың құны 1,1 млрд. долларға жеткен. Демек, тұтыну көлеміндегі өндірістің үлесі шамамен 60 пайызды құрап отыр деген сөз. Қалған 40 пайыз өнім импортталатыны анық. Ал тұтыну құрылымынан алып қарар болсақ, онда қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдеріндегі азық-түліктің барлық негізгі түрлерінің 80 пайызы отандық өндірушілердің үлесінде.

Осы ретте қайта өңделген негізгі азық-түлік тауарларының шетелден ағылуына тосқауыл қоюды мақсат тұтқан еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі 2013-2020 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнеркәсібінің өнімін қайта өңдеуді дамыту бойынша іс-шаралардың кешенді жоспарын әзірлеп, оны бүгін Үкімет отырысында министрлердің бірауыздан қолдауымен бекітілуіне қол жеткізді.

Аталған мәселе бойынша баяндама жасап, басымдықты бағыттарды айқындап өткен Ауыл шаруашылығы вице-министрі Мүсілім Өмірияевтің алға тартқан деректеріне қарағанда, 2012 жылы елімізде 4,8 млн. тонна сүт өндірілсе, оның 85 пайызы жеке қосалқы шаруа қожалықтарының үлесіне тиесілі. Бұл ретте өндірістің жалпы көлеміндегі қайта өңдеу үлесі 35 пайызды не болмаса 1,68 млн. тонна сүтті құрайды. «Экспорт көлемі 22 мың, ал импорт 903 мың тоннаны құрайды. Ішкі тұтыну көлемі - 2,5 млн. тонна. Ішкі тұтынудағы отандық өндірістің үлесі 65 пайызға тең, ал қалған 35 пайызы импортталады. Осылайша, сүтті қайта өңдеуде өндірісті арттыру әрі импортты ығыстыру үшін зор әлеует бар»,- деген ол аталған саладағы кемшіліктер қатарында шикізат сүттің жеткіліксіздігін, құрал-жабдықтардың тозу үлесінің жоғарылығын, айналым қаражаттың жоқтығын атап өтті.

Ал аталған күрмеуі көп күрделі мәселелерді шешу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі 2020 жылға дейін республика аумағында сүт қабылдайтын 212 пункт ұйымдастыруды қолға алмақ. Сондай-ақ қайта ұйымдастырылған шағын 2 мыңға жуық шаруа қожалықтардан сүт жинау үшін 400 ірі сүт тасымалдайтын көліктер де сатып алынады. Ал жиналған сүтті сатып алып қайта өңдейтін кәсіпорындарға мемлекет тарапынан қолдау шаралары көрсетіледі. Атап айтқанда, сатып алатын шикізатына, несие бойынша сыйақы ставкаларына, қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға субсидия беріледі. Міне осындай қолға алынған шаралардың арқасында 2020 жылға қарай сүтті қайта өңдеу жылына 1,3 млн. тоннаға артуы тиіс. Бұл мақсаттарға «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында 2020 жылға дейін 59,7 млрд. теңге қарастырылған.

Келесі басымдықты бағыттардың бірі - етті қайта өңдеу саласы. Бағыттың басты мақсаты - елімізге келетін ет импортының жолын кесіп, экпорт көлемін арттыру. Бұл саланың кенжелеуіне негізінен шикізат сапасының төмендігі мен жеке қосалқы шаруашылықтардың шалғай орналасуы қолбайлау болып тұр. Ал оны шешу үшін министрлік 2020 жылға дейін етті қайта өңдейтін кәсіпорындарға немесе делдалдарға жеке қосалқы шаруашылықтардан ет жинау үшін мал таситын 30 көлік пен тоңазытқышы бар 63 машина сатып алуға мемлекеттік қолдау көрсетпек. Осындай мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде 2020 жылға қарай қайта өңделетін еттің көлемі 130 мыңға, ал экспортталатын еттің көлемі 100 мың тоннаға жетеді деген болжам бар. Бұл мақсаттарға 2020 жылға дейін 13,4 млрд. теңге қарастырылған.

Сондай-ақ 2020 жылға дейін «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін қайта өңдеуге 3,2 млрд., майлы дәнді-дақылдарға 17,8 млрд. теңге, бидайды терең қайта өңдеуге 9,83 млрд. теңге, қант өндірісіне 14 млрд. теңге, жүн мен теріні қайта өңдеуге 816 млн. теңге бөліп, саланың тамырына қан жүгірту межесі алға қойылған. Ал отандық өнімнің еселеп артуы үшін мемлекетке кәсіпорындарды ыдыс әрі бумамен қамтамасыз ету, жасанды азық-түліктің таралуына тосқауыл қою, нарықты жасырын демпингтен қорғау қажет.

Отырыстың қорытындылай келе ауыл шаруашылығы тауарларын қайта өңдеу мәселесі жыл бойы барлық мүдделі мемлекеттік органдар тарапынан кеңінен талқыға түскенін атап өткен Үкімет басшысы С.Ахметов: «Дегенмен, мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Экономика министрлігінің (Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі), барша қаржы-экономикалық блоктың, қаржы секторларының, біздің даму институттарының назарын мына жайтқа аударғым келеді. Ауыл шаруашылығы тауарларын қайта өңдеуді несиелеуде біз ставканы 7 пайызға дейін айқындадық. Тағы да атап өткім келеді, қайта өңдеу үшін бұл әлі де болса жоғары деңгейлі пайыздық ставка. Банк секторы нарығында бұл 12-13 пайыз екендігі түсінікті. Бірақ, қайта өңдеу саласы, яғни машина жасау мен қайта өңдеу үшін 7 пайызды төмендету керек», - деді.

Осыдан кейін жоспар жобасын Министрлер кабинеті мүшелері бірауыздан мақұлдап, Премьер-Министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне аталған жоспардың орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.